Астана қаласы бойынша 2023 жылдың маусым айында МӘМС үшін 6,7 млрд теңге жарна аударылған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елордалық филиалы таратқан мәліметке сәйкес, жыл басынан бері, яғни 2023 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында елордалықтардан медициналық сақтандыру үшін түскен жалпы сома 39,2 млрд теңгені құраған.
Астана қаласы бойынша осы жылдың маусым айында МӘМС үшін елордалықтар 6,7 млрд теңге жарна аударған. Оның ішінде 3,7 млрд теңге – жұмыс берушілердің, 2,9 млрд теңге – жеке кәсіпкерлердің аударымдары. Бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) жүргізетін 7449 төлеушіден 11,02 млн. теңге түскен.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін түскен барлық жарна аударымдары, яғни жинақталған қаржы, сенімгерлік басқару туралы жасалған келісімшартқа сәйкес, Ұлттық банкте сақталады да, медициналық қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. ТМККК және МӘМС пакеттері бойынша халыққа көрсетілген медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторинг жасап, тексергеннен кейін ғана Қор жеткізушілеріне төлем жүргізіледі, - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Астана қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Сандуғаш Болысбекова.
Естеріңізге салайық, 2022 жылдың 5 қыркүйегінен бастап бір жылға алдын ала жарна төлеу арқылы МӘМС жүйесіне қатысудың жаңа тетігі іске қосылды. Оны «сақтандырылған» мәртебесі бар, сондай-ақ жүйеге ешқашан төлем жасамаған немесе жүйесіз төлем жасаған барлық дербес төлеушілер пайдалана алады.
Бұған дейін медициналық сақтандыруға жарналарды ешқашан төлемеген немесе жүйелі түрде төлемеген, соның салдарынан сақтандыру мәртебесінен айырылған дербес төлеушілерге оны қалпына келтіру үшін өткізіп алған айлар үшін, тіпті өткен жылға да жарналарды төлеу қажет еді. Енді оларда балама әдіс пайда болды – жарна аударылмаған өткен кезеңді төлемей-ақ, алдағы 12 ай үшін төлем жасау арқылы «сақтандырылған» мәртебесін ала алады.