Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев «Цифрлық технологиялар дәуіріндегі құқық» атты қазақстан-француз форумында ішкі істер органдарын цифрландыру мәселесіне тоқтаған. Бұл туралы ІІМ-нің дәстүрлі брифингінде Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділда Ораз айтты.
Онлайн форумда Ерлан Тұрғымбаев Мемлекет басшысының полиция қызметінің тиімділігін арттыру үшін процестерді цифрландыру, көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және автоматтандыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру туралы айтып берді. ІІМ цифрландыру бойынша алғашқы қадамдарды халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтер саласында жасады, - деді Ораз.
Ол атағандай, бүгінгі таңда қызметтің 95%-ын ішкі істер органдары электрондық форматта ұсынады.
Министр форумда бұл қызметтердің ішінде көлікті тіркеу, оларды сатып алу, сату бойынша мәмілелер, автокөлікке арналған мемлекеттік нөмірді таңдау және оларды үйге жеткізуге тапсырыс беру, шетелдіктерге бір реттік іскерлік және жеке визаларды электронды түрде рәсімдеу және басқа қызметтер бар екенін жеткізген.
Осындай цифрландыру нәтижесінде ІІМ-нің мемлекеттік қызметтері халыққа цифрлық форматта қолжетімді бола бастады. Қызметті көрсету уақыты да барынша қысқартылды. Азаматтармен байланыс айтарлықтай азайды. Сондай-ақ әкімшілік және сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жойылды, - деп атап өткен Ішкі істер министрі.
Сонымен бірге әкімшілік және сотқа дейінгі іс жүргізу электрондық форматқа ауыстырылады.
Министр сотқа дейінгі іс жүргізу процесін автоматтандыру үшін қылмыстық істерді электрондық форматта тергеу практикасы кеңейтіліп жатқанын айтты.
Бұл тергеу мерзімдерін қысқартуға, бақылауды арттыруға және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға ықпал етеді. Жыл соңына дейін қылмыстық істерді электронды тергеуді 100%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. Цифрлық технологиялар полицияның құқық бұзушылық туралы хабарламаларға ден қою саласына да енгізілуде. Қоғамдық орындарда, мектептерде, ауруханаларда, «SOS батырмалары» – шұғыл аудио/бейне шақыру жүйелерін орнату бойынша жұмыстар басталды. Министр әлемде коронавирус пандемиясының өсуіне ықпал еткен интернет-технологиялар саласындағы қылмыстарға жеке тоқталды, - деді Нұрділда Ораз.
Министр интернет-алаяқтықтың артқанын айтқан.
Онлайн қызметтердің дамуымен интернет-алаяқтықтардың саны 2,3 есе өсті. Осыған байланысты ІІМ киберқылмыспен күрес орталығының құрылымында осы қылмыстарды ашумен ғана айналысатын арнайы топтар құрылды, - деп хабарлады форумда министр Ерлан Тұрғымбаев.
Нұрділда Ораз форумға қатысқан шетелдік сарапшылар Қазақстан ішкі істер органының тәжірибесіне қызығушылық білдіргенін жеткізді.
Қазақстанның ішкі істер органдарын цифрландыру тәжірибесі шетелдік сарапшылардың үлкен қызығушылығын тудырды. Тараптар азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық қорғау және сот жүйелері қызметінің тиімділігін арттыру үшін құқық саласындағы процестерді автоматтандырудың маңыздылығын атап өтті, - деді ІІМ өкілі.