Биыл күріш егісі көлемі 89,5 мың гектардан 83 мың гектарға қысқартылды – әкім

10 Маусым 2021, 13:55
2648
Бөлісу:
Биыл күріш егісі көлемі 89,5 мың гектардан 83 мың гектарға қысқартылды – әкім

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ОКҚ-да Қызылорда облысы әкімі Гүлшара Әбдіқалықова биыл күріш егісі көлемін 89,5 мың гектардан 83 мың гектарға дейін қысқартылғанын айтты.

Суармалы сумен байланысты проблемаларды ескере отырып, ауыл шаруашылығы өндірісін, әсіресе егіншілікті әртараптандыру, су ресурстарын тиімді пайдалану жөнінде шараларды қабылдаудамыз. Аймақтағы топырақтың қатты тұздылығын ескере отырып, біз күріштен толықтай бас тарта алмаймыз. Дегенмен, күріштің егіс алқаптарын азайтуға жұмыс жүргізудеміз, - деді ол өз баяндамасында.

Осы жылдың өзінде күріш егісі көлемін 89,5 мың гектардан 83 мың гектарға дейін қысқарттық, келешекте бұл көрсеткіш 80 мың гектарға дейін қырқартылады.

Бүгінгі күні күрішті суға бастыру 100 пайызға (83 мың га) орындалды. Алдағы уақытта ауылшаруашылық тауарын өндірушілерге тұрақты табыс табуға мүмкіндік беретін ылғал сыйымдылығы аз дақылдар – соя, жүгері, майлы және жем-шөп дақылдарының егістігін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз, - деп атап өтті облыс әкімі.

Қазір ауыл шаруашылығына ылғал үнемдеу технологияларын енгізу қолға алынуда. Өткен жылы пилоттық режимде аквагельдерді қолдану сынақтан өткізілді. Биыл бұл тәжірибені кеңейтіп, жүгері мен жоңышқа өсіру үшін жаңбырлатып суару енгізілуде.

Сонымен қатар Әбдіқалықова мал және балық шаруашылығын дамыту бойынша қолға алынып жатқан шараларға тоқталды.

Мал шаруашылығын дамыту мақсатында жүйелі жұмыстар жүруде. Мал басының барлық түрінен өсім байқалып отыр. Бұл ретте, жайылымдық жерлердің тиімділігін арттыруға айрықша басымдық берудеміз. Балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі аймақтық бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр, - деді ол.

Бұл тауарлы балық көлемін 16 мың тоннаға дейін жеткізе отырып, 100 еседен артық көбейтуге, ал балық өнімдерінің экспортын 2 есе – 8,5 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, биыл Қызылорда облысында 645 мың шаршы метр тұрғын үй беріледі.

Өзгелердің жаңалығы