Биыл Қостанай облысында 227 шақырым жол жөнделеді

8 Шілде 2021, 12:51
1704
Бөлісу:
Биыл Қостанай облысында 227 шақырым жол жөнделеді

 

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. 2021 жылы автожол қатынасын реттеуге 19,2 млрд теңге қаржы қаралып отыр. Қаржы елді мекендердегі көшелерді және жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге жұмсалады.

 

Ұзындығы 227 шақырым жолды қалыпқа келтіруге және көше жолдарындағы 264 учаскеге «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы 11,6 млрд теңге, «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы бойынша 1,1 млрд теңге қаралған. Ал облыс бюджетінен бөлінген 6,5 млрд теңге 218 жобаны жүзеге асыруға жұмсалады.

Жарты жыл ішінде көлік инфрақұрылымын реттеуге бөлінген қаражаттың 5,3 млрд теңгесі игерілді, яғни жылдық жоспар 28% орындалды деген сөз. Осы жылдың қорытындысына сәйкес, жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың үлесі өткен жылғыдан асып, 78%-ке жетеді. Бұл көрсеткіштен біздің өңір тоғызыншы орында, - дейді Қостанай облысы әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Олжас Нұрғалиев. 

Тобыл-Торғай аймағындағы автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 7 мың 750 шақырым, бұл жөнінде республикада екінші орында тұр.

Олжас Нұрғалиевтің айтуынша, қазір облыста «Нұрлы жол» бағдарламасы қарқынды жүзеге асырылуда. Жоспарланған 17 жобаның 15-і басталып, екеуіне мемлекеттік сатып алу порталында конкурс жарияланған. Ал «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша биыл 50 жоба қолға алынған. Қазір 18 учаскеде жолшылар жұмысқа кіріскен, қалған 32 жобаға мердігерлер таңдалып жатыр.

 

Сонымен қатар, жергілікті қазынадан бөлінген қаражат есебінен 211 учаскеде жөндеу жұмыстары басталып, тағы жеті нысанға конкурс жарияланған.

 

Өзгелердің жаңалығы