Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биыл қазақстандықтар қажылыққа бара алмайтынын мәлімдеді.
Сауд Арабиясының Денсаулық сақтау министрлігі пандемиядан туындаған қауіп-қатердің алдын алу және оның таралуына жол бермеу мақсатында биылғы қажылыққа бірқатар шектеу енгізді.Пандемия басталғалы бері қажыларды қорғау үшін барлық сақтық шаралары қабылданып, қасиетті орындарға сырттан келушілер шектелді. Бұдан былай да осы норма сақтала береді.
Коронавирус инфекциясы адамдар көбірек жиналатын орындарда, үлкен жиындарда таралатыны дәлелденіп отыр. Сондықтан да биылғы 1441 жылдың (2020 жыл) қажылық рәсімі Сауд Арабиясында тұрып жатқан өте аз көлемдегі адамдардың қатысуымен ғана өтетіні жайлы шешім қабылданды. Бұл шешім қауіпті вирустың алдын алу және қажылардың денсаулығын сақтау мақсатында жасалып отыр, - делінген Сауд Арабиясының Қажылық және ұмра министрлігі таратқан хабарламада.Айта кетейік, бүгінде Сауд Арабиясы коронавирус індетін жұқтыру дерегі бойынша араб елдері арасында алғашқы орында тұр. Бұл елде 160 мыңнан астам адамның қауіпті вирус жұқтырғаны белгілі болды.