Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкент қаласының Еңбекші ауданында газ, су, жарық, жол жайы қалай шешілмек? Ауданда бұқаралық спорт қалай дамып жатыр? Осы және тағы басқа сауалдарымызға Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек жауап берді.
– Биыл Еңбекші ауданын дамыту бағытында бюджеттен қанша қаржы бөлінді?
– Еңбекші ауданының саритарлық ауданның санитарлық тазалығын қамтамасыз ету үшін 2 млрд теңгеден астам қаржы қаралды. Мердігер мекеме анықталып, тиісті жұмысын атқарып жатыр. Және халық қатысатын бюджет жобасы аясында тұрғындар өтінішіне сәйкес 1 млрд қаржы қаралды. 36 жоба бойынша тиісті жұмыс атқарылып жатыр. Жалпы 3,5 миллиард теңгедей қаржы Еңбекші ауданының дамуына бөлінді.
– Мамыр айындағы жаңбырда қаламыздың көп жерінде ирригациялық жүйе нашар екенін көрсетті. Еңбекші ауданында қанша жер анықталып, жөндеу жұмысы жүргізіледі?
– Иә, нөсер жаңбыр көп жауғанына байланысты біраз жерде су деңгейі көтерілді. Зерделеу жұмысын жүргізу нәтижесінде аудан бойынша су жиналатын, су өту көзі нашар жер ретінде 52 жер анықталды. Ол жерлер бойынша сметалық құжат әзірленіп, 21 аумағына қаржы бөлінді. Қазір мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізіліп жатыр. Бұған 170 миллиондай қаржы қаралды. Бірінші кезекте ең көп су жиналып, адамдарға кедергі келтіретін жерлерде тиісті жұмыс істейміз. Қалған аумақтарға 2023 жылға дейін жұмыс жүргізіледі деп жоспарлап отырмыз.
– Ал Еңбекші ауданының инфрақұрылым жүйесін дамыту бағытында қандай жұмыс атқарылып жатыр?
– Еңбекші ауданында инфрақұрылым жүйелерін дамыту туралы 2022-2025 жылдарға арналған «Жол картасы» қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасымен нақтыланып, бекітілді. Мәселен ауыз су жайында айтар болсам, біздің ауданда қазірге дейін ауыз сумен 94,4%-ға қамтылған. Биыл қалаға қосылған 6 елді мекендегі жаңақұрылыстағы учаскелерді ауыз сумен қамту мақсатында бюджеттен қаржы бөлінді. Қазіргі таңда мердігер мекемені анықтау бойынша мемлекеттік сатып алу іс-шарасы жүргізіліп жатыр. Жұмыс шілде айының соңында басталады. Ал Бадам тұрғын алабының жаңақұрылысында - 340 учаске, Оңтүстік-Жаңақұрылыста - 989 учаскеге, жобалау сметалық құжат 2023 жылы әзірлеу жоспарда бар.
– Аудандағы электр жарығы мен табиғи газ жайлы да түсіндіріп берсеңіз?
– Аудандағы 35 шағынауданның және мен тұрғын алабын электр қуатымен қамту көрсеткіші мемлекеттік 96,5%, жекеменшік жүйе 2,5%, ал, қамтылмаған 1% құрады. 10 тұрғын алаптағы жекеменшік жүйедегі және қамтылмаған 3,5%-ды сапалы электр жүйесімен қамту мақсатында бюджеттен қаржы бөлінді. Қазіргі таңда мердігер мекемені анықтау бойынша мемлекеттік сатып алу іс-шарасы жүргізілді, бұл бойынша да жұмыс шілде айында басталады деп жоспарлап отырмыз. Ал табиғи газға тоқталар болсам, ауданда табиғи газ жүйесімен қамту көрсеткіші мемлекеттік жүйеде 86,4%, жекеменшік жүйедегі 4,3%-ды құрайды. Қамтылмаған 9,3%-ды мемлекеттік жүйемен қамту 2023-2025 жылдарға арналған жұмыс жоспарына енгізілді. Қазіргі таңға сәулет жоспарлау тапсырмасы әзірленіп жатыр.
– Шымкентте кәріз жүйесімен қамту 4 ауданда да үлкен мәселе. Бұған не айтасыз?
– Ауданда кәріз жүйесімен қамтылу жағдайы 57%-ды құрайды. Қазіргі таңда «Ұлағат» және «Солтүстік-шығыс» шағынауданында кәріз жүйесінің құрылыс жұмысы жүргізілп жатыр. Нысан құрылысы 2022 жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарланған. «Мирас», «Шапағат-2» шағынаудандарында құрылыс жұмысын ағымдағы жылдың шілде айында бастауды күтіп отырмыз. Нысан 2023 жылға өтпелі. Және Жұлдыз тұрғын алабындағы көпқабатты 27 үйді кәріз жүйесімен қамту мақсатында жобалау сметалық құжат әзірленді.
– Жол мәселесі де көп адамның көкейіндегі сұрақ, биыл қай көшеге асфальт төселеді? Және қанша көше жарықтандырылады?
– Ауданда ұзындығы 702 шақырымды құрайтын 611 даңғыл, көше мен өткелдер бар. Жолдардың 502 шақырымы асфальт, 181 шақырымы тас, 19 шақырымы топырақты құрайды. Жолдардың жағдайын жақсартуға жылдан жылға қатты көңіл бөлініп келеді. Мәселен былтыр 4 магистралдық және 53 қалаішілік көшелерге асфальт төселді. Биыл былтырғы көрсеткіштен жоғары, жалпы 86,4 шақырымды құрайтын 132 көшеге жөндеу жұмысын жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда 23 көшеге асфальт қабаты төселді, 36 көшеде жұмыс жүргізіліп жатыр. Енді жарықтандыруға келер болсақ, біздің аудан аумағындағы 702 шақырымды құрайтын 611 көшенің қазіргі таңға дейін 103 көшесі жарықтандырылған. 2021 жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы аясында 18 көшеге 20,9 шақырым жарықтандыру жұмысы жүргізілді. 2022 жылға – 34 көше жарықтандыру жоспарда бар, қазіргі таңда 11 көше жарықтандырылды. 1 көшеге қайта құру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Ал 2023 жылға – 37 көше жарықтандыру жоспарда бар.
– Ауданда бұқаралық спорт дамыту мақсатында қандай жұмыс жасалып жатыр?
– Ауданда бұқаралық спорт дамыту, жастарды спортқа баулу мақсатында 2011-2020 жылдары 85 ашық спорт алаңқайы орнатылған. 2021 жылы 18 спорт алаңқайы орнатылып, жыл қорытындысымен ашық спорт алаңшалар саны 103 дананы құрады. 2022 жылы 3 спорт алаңша орнатылып, 5 спорт алаңшасын қайта салу жоспарда бар. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу іс-шарасы жүргізіліп жатыр.