Биыл дизель отыны қаншалықты арзан болады?

25 Шілде 2023, 14:54
954
Бөлісу:
Биыл дизель отыны қаншалықты арзан болады?
Фото: BAQ.KZ - архив

Қазақстанның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер дизель отынын қазіргі бөлшек сауда бағасынан 14,8%-ға арзан сатып алатын болады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ҚР Энергетика министрлігі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің және жергілікті атқарушы органдардың өтінімдері негізінде 2023 жылғы күзгі жиын-терін жұмыстарын (КЖТЖ) жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге (АШТӨ) 426 мың тонна дизель отынын бөлді.

ҚР Энергетика министрлігі ұсынған АШТӨ бағасы 284 мың теңге/тонна, мұнай өңдеу зауытындағы (МӨЗ) баға 1 литр үшін 239 теңге.

АШТӨ-ге дизель отынын жеткізетін өңірлік операторлардың жеткізу өңіріне және шығыстарына байланысты фермер үшін орташа баға 1 литр үшін шамамен 257 теңгені құрайды.

Қазір жанар-жағармай құю станцияларындағы дизель отынының шекті бөлшек бағасы 1 литр үшін 295 теңгені құрайды. АШТӨ үшін бөлшек сауда құны (295 тг./литр) мен КЖТЖ-ға арналған дизель отынының бағасы (шамамен 257 тг./ литр) арасындағы айырмашылық – 14,8 % (шамамен 38 тг жеңілдік). Күзгі кезеңде АШТӨ үшін дизель отынының бағасында көрсетілген жеңілдік көктемгі кезеңмен салыстырғанда жоғары екенін атап өтеміз. 2023 жылғы көктемгі дала жұмыстары кезінде дизель отынына жеңілдік 13,9 % (шамамен 26 тг. жеңілдік) құрады, - делінген Энергетика министрлігі хабарламасында.

Қазақстанда күзгі жиын-терін жұмыстары шілде айынан қараша айын қоса алғанда жүргізіледі. Шілде айына МӨЗ-ден АШТӨ-ге дизель отынын жеткізетін өңірлік операторлар 2023 жылғы КЖТЖ-ға бөлінген көлемнің тек 4,5 мың тоннасын немесе 1%-ын (426 мың тонна) тиеп-жөнелтті.

МӨЗ-ге жеткізілімдердің атаулылығын бақылау үшін дизель отыны бояулады, атап айтқанда: АМӨЗ – сары, ПМХЗ – қызыл, ШНӨЗ – көк, сондай-ақ ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті ПИН-кодтар меншіктейді.

Мұнай өнімдерін ауыл шаруашылығы жұмыстарына бөлудің заңнамалық процесі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2023 жылғы 13 сәуірдегі № 137 бұйрығы және көктемгі егіс және егін жинау жұмыстары кезеңінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін мұнай өнімдерінің көлемдерін қалыптастыру және бөлу қағидаларын бекіту шеңберінде жүзеге асырылады (ҚР АШМ-нің жоғарыда көрсетілген бұйрығымен бекітілген)

Ережеге сәйкес өңірлік операторларды айқындау бойынша жергілікті атқарушы органдардың комиссиялары АШТӨ-ге дизель отынын жеткізетін өңірлік операторларды айқындайды. Комиссия мүшелерінің жалпы саны кемінде жеті адамнан құралады. Комиссия құрамына әкімдіктердің, прокуратура органдарының (келісім бойынша), сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл органдарының (келісім бойынша), қоғамдық ұйымдардың, «Атамекен» ҚР ҰКП Өңірлік кәсіпкерлер палатасының және жеке кәсіпкерлік субъектілері бірлестіктерінің өкілдері кіреді, - деп түсіндірді министрлік өкілдері.

Айта кетейік, ҚР Энергетика министрлігі мұнай өнімдерін бөлу және АШТӨ дизель отынын жеткізу жөніндегі өңірлік операторларды айқындау процесіне қатыспайды.

Өзгелердің жаңалығы