Балқашта биыл 12 көшенің жолы жөнделеді. Сондай-ақ қаланың суару жүйесін қайта құру, жағалауды абаттандыру басталады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Балқаштың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен брифингте қала әкімі Қайрат Қамзин айтты.
Биыл 10-шы шағын ауданда екі көпқабатты үйдің құрылысы аяқталуы тиіс. 45 пәтерлік төрт үйдің құрылысы басталады.
Кезекте тұрғандар үшін салынып жатқан үйлерден 50 пәтер сатып алуды жоспарлап отырмыз. Қалада орташа жөндеумен 12 көше қамтылады. Жөнделетін жолдардың жалпы ұзындығы 15 шақырымды құрайды. Қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 82 пайызға дейін артады. Сондай-ақ 18 ауланы абаттандыру, 11 үйдің шатырын, 16 үйдің қасбеті мен шатырын және үш үйдің қасбетін жөндеу жоспарлануда, – деді Балқаш әкімі Қайрат Қамзин.
Сонымен қатар, биыл Балқашта қаланың суару жүйесін қайта құру, жағалауды абаттандыру басталады. «Қоңырат» шағын ауданында жылу желілерін салу, магистральдық жылу және су құбыры желілерін қайта жаңарту жалғасады.
Ағыбай батыр көшесінде, Қадыржанов көшесіндегі аллеяда кіру тобын абаттандыру жұмыстары жоспарланған.
Сәбитова шағын ауданында МЖӘ бойынша 200 адам қабылдайтын емхананың құрылысы аяқталуда.
Биыл жаңа аз инвазивті кардиоорталықтың ашылуымен Балқаштың көпсалалы орталық аудандық ауруханасын жаңғырту басталды, сондай-ақ аумақты абаттандырумен жұмыс істеп тұрған ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілетін болады, – дейді Қайрат Қамзин. – «Жайлы мектеп» жобасы аясында Қ. Нұржанов шағын ауданында 1200 орындық мектеп құрылысы басталады.