Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өңірде ағымдағы жылы облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайын 70%-ға жеткізу жоспарланып отыр.
Бұл туралы облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Қуанышбек Қабдығали мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Биыл жыл аяғына дейін 37 елді мекенде 200 шақырымнан астам автомобиль жолдарын жөндеу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда, облыстық маңызы бар «Индер-Қарабау» автомобиль жолының 87 шақырымын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі сәтте аталған жолдың 31,5 шықырымы қайта жаңғыртылды. Сонымен қатар, «Ганюшкино-Приморье-Утеры-Котяевка» автомобиль жолын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, – деді Қабдығали.
Сондай-ақ оның айтуынша, Қызылқоға ауданы Тайсоған селосына кірме жолын, «7 разъезд-Асан-Азғыр-Балқұдық-Сүйіндік» автомобиль жолын орташа жөндеу және «Миялы-Ойыл» автомобиль жолын күрделі жөндеу жобалары жасақталуда.
Оған қоса, ол осы жылы Исатай ауданынының Жанбай және Исатай ауылдары, Құрманғазы ауданының Нұржау, Махамбет ауданының Сарытоғай, Мақат ауданы Мақат, Доссор және Бәйгетөбе ауылының ауылішілік, кірме жолдары мен жаяу жүргіншілер жолдары қайта жаңғыртылуда екенін айтып өтті.
Ал Атырау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің бас маманы Ержан Қайноллаев биыл Атырау қаласында жол кептелісінің алдын алу мақсатымен 21,1 шақырымды құрайтын бес көшенің тас жолдары қайта жаңғыртылтынын айтты.
Е.Хайноллаевтың мәлімдеуінше, бүгінгі таңда Әуезов көшесінің 2,8 шақырымы, Балықшы ықшам ауданы - Зарослый аралығындағы 5,7 шақырымындағы көшелерінде жол құрылысы жұмыстары жүргізілуде.
Осы жылы Еркінқала-2, Зарослый-1, Ракуша, Балауса ықшам аудандары мен қаладағы басқа да мөлтек аудандар бойынша жалпы алғанда ұзындығы 135,8 шақырымды құрайтын 230 көшеге жаңадан асфальт жол төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді Хайноллаев.
Сондай-ақ бас маман биыл 25 мың шаршы метрдей көлік жолдарының ойық, шұңқырларын жөндеу жұмысы қолға алынып жатқанын айтып өтті.