Ақтөбе облысында Ұлыстың ұлы күніне орай жүзден астам іс-шара ұйымдастырылады, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисованың айтуынша, 1-22 наурыз аралығында облыста жалпы саны 140-қа жуық тақырыптық шара мен акция ұйымдастырылмақ.
Облысымызда Алғыс айту күніне арналған «Алғыс айтам, бәріңе!» атты алғыс-керуені 5 маршрут бойынша өткізілді. Мәселен, осы маршруттар арқылы түрлі шаралар «Нұрдәулет», «Әлия» сауда үйлерінде, «Дина», «Анвар» гипермаркеттерінде, «Керуен Сити» ойын-сауық орталығында, «Білім инновация» лицей-интернатында, «Атамекен-Нан» нан комбинатында, №2 қалалық зауыт полиция бөлімінде, сондай-ақ жедел жәрдем станциясында, Қарғалы қалалық ауруханасында, Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде, «Энергожүйе» компаниясы мен «Қазхром» трансұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауытында өткізілді, - деді ол.
Сондай-ақ ол бұл мерекеде облыс көлемінде қайырымдылық шаралар мен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылатынын да айтты.
Қазір өңірдегі барлық ұжым 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күніне дайындықты бастап кетті. Бұл мереке қарсаңында Өнер орталығында «Әлдимен бөлеп әлемді» атты облыс әкімінің құттықтау шарасы өтеді. Одан бөлек, «Алақай» қуыршақ театры көрермендерге «Қайдасың, анашым?» қойылымын ұсынса, Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияда «Назар аудар» театрының мерекелік концерті өтеді. Сонымен қатар Аналар мерекесіне орай облыстағы барлық Мәдениет үйінде мерекелік концерттер ұйымдастырылып, қоғамдық көліктерге «Гүл сыйлайық әйелге» атты акция өткізіледі, — дейді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, жылдағы дәстүр бойынша облыста Ұлыстың ұлы күніне арналған шаралар 9 наурыздан басталады. Негізінен, облыс көлеміндегі шаралар Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияда, Т.Ахтанов атындағы драма театрында, «Алақай» қуыршақ театрында, облыстық тарихи-өлкетану және Өнер музейлерінде, Өнер орталығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақтөбе облыстық филиалында, сондай-ақ қаладағы шағын аудандарда орналасқан Мәдениет үйлерінде өткізілетін болады.
Облыста 9 наурызда «Ұлттық киім — ұрпаққа мұра» атты ұлттық киімдер, зергерлік әшекейлерімізді насихаттайтын жәрмеңкелер, тақырыптық шаралар өтсе, 10 наурызда «Ізет күні» атты үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіру шаралары ұйымдастырылады.
11 наурыз – «Сарқыт күнінде» отбасылық құндылықтарды, ұлттық салт-дәстүрлерді ұлықтауға бағытталған байқаулар, ұмыт бола бастаған, кең таралмаған тағамдарды жасауға, жаңа сойылған малды жіліктеу, қазы айналдыру, бас үйіту, қамыр жаюға арналған шеберлік-кластар, 12 наурыз – «Жәрмеңке күнінде» «Табыс» базарында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі, аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламалары мен қайырымдылық, патриоттық акциялар, 13 наурыз – «Жайнау күнінде» жастар арасында сауық кеші, 14 наурыз – «Амал күнінде» қазақтың ұлттық аспаптары мен ұлттық тағамдарын дәріптеуге арналған іс-шаралар, 15 наурыз – «Ғылым күнінде» «Aтaдaн қaлғaн өcиeт» атты ғалымдардың зерттеулері, конференция, дөңгелек үстелдер, зиялы қауым өкілдерінің жаңа ғылыми еңбектерінің және ақын-жазушылар шығармаларының тұсаукесерлері, 16 наурыз – «Денсаулық күнінде» тұрғындардың денсаулығын тексеру мақсатында арнайы көліктерде тексеру акциялары өткізіледі, — дейді А.Юнисова.
Сондай-ақ 17-22 наурыз аралығында тарихқа шолу жасау, Наурыз мерекесінің маңызы туралы басқосулар, бата беруден сайыс пен ұлттық спорт түрлерінен жарыс өткізу жоспарланып отыр.
Сонымен, ақтөбеліктер Наурыз мерекесінде халықтық серуендерге шығып, театрландырылған көріністерге, концерттік бағдарламаларға, ұлттық спорт ойын түрлерінен жарыстарға, этнографиялық бұйымдар мен қолөнер шеберлерінің көрмесіне қатыса алады. Ал 22 наурыз күні Ақтөбе қаласындағы Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта «Құс қанатындағы Наурыз» атты үлкен мерекелік концерт өтеді.