Биыл Ақтөбе облысында 718 мың гектарға егін егіледі

23 Ақпан 2023, 15:37
1201
Бөлісу:
Биыл Ақтөбе облысында 718 мың гектарға егін егіледі
Фото: eldala.kz.

Ақтөбе облысында көктемгі егіс жұмыстарына дайындық басталды, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетовтің айтуынша, биыл Ақтөбе облысында көктемгі егіс жұмыстары 718 мың гектар алқапқа егу жоспарланып отыр. Оның ішінде дәнді және дәнді бұршақ дақылдары — 368,3 мың гектарға, майлы дақылдар — 88,2 мың гектарға, мал азығы дақылдары — 249,7 мың гектарға, картоп — 6,2 мың гектарға және көкөніс бақша дақылдары 5,5 мың гектарға егілмек.

Облыста негізінен егін егу жұмыстары төрт ауданда, атап айтсақ, Әйтеке би, Қарғалы, Мәртөк, Хромтау аудандарында жүргізіледі. Жалпы облысқа 49 мың тоннадан астам тұқым қажет. Қазір 53 мың тоннадан астам тұқым дайын тұр. Былтыр шаруалар жақсы өнім алды, сондықтан биыл тұқым қорын жинауда ешқандай мәселе жоқ. Бүгінде ауыл шаруашылық құрылымдары облыс көлемінде тағы да 1900 тоннадан астам тұқым сақтап отыр. Бұл биыл дақыл түрлерін ауыстырамын деушілерге зор мүмкіндік. Жалпы, биыл облыста жауын-шашын мөлшері былтырғыдан қарағанда жоғары. Күзде жауын көп жауды, қазір тоң бір метрдан асады. Бұл алдағы егіске оң әсер етеді деп ойлаймыз. Осыны пайдаланып ауыл шаруашылық құрылымдары егіс көлемін ұлғайтса екен дейміз, — дейді басқарма басшысы Исатай Еспағанбетов.

Оның айтуынша, биығы қардың қалыңдығы 30 сантиметрге жеткен. Қазір облыста қар тоқтату жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта жалпы мөлшері 80 мың гектарға жүргізілуі керек. Қазір оның 60 пайызы жүзеге асырылған.  

Облыс көлемінде көктемгі далалық жұмыстарын жүргізуге 1,6 мың трактор, 108 дана егіс кешені, 1,3 мың тұқым сепкіш және 1,6 мың жер өңдейтін техникаларын жұмылдыру жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығы 78 пайызды  құрайды, қазір техникаларды жөндеу жұмыстары жалғасуда. Ал дизель отынына келсек, биыл облыс бойынша көктемгі егіс жұмыстарына қажеттілікті толық көлемінде қамтамасыз ететін 9,8 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Ауыл шаруашылығы құрылымдарын қолдау мақсатында жергілікті бюджеттен өсімдік шаруашылығына 1,3 миллиард теңге қаражат қарастырылды. Сондай-ақ «Кең дала» бағдарламасы бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы егіс науқанын жүргізуге жылдық мөлшері 5 пайызбен сыйақы мөлшерлемесі 2 миллиард теңге несие қаражаты бөлініп отыр. Қазір оның 1,4 миллиард теңгесіне өтінімдер мақұлданды, — дейді Исатай Еспағанбетов.

Биыл көктемгі егіс науқаны кезінде Ақтөбе облысында 560 шаруашылыққа дизель отынын жеткізу жұмыстары жүргізілмек. Қазір облыстағы дизельдің орташа бағасы — 207 теңге. Аталған шаруашылықтарға оператор болып «Лидер» ЖШС бекітілген.

Өзгелердің жаңалығы