Биыл Ақтөбе облысында 5 жасөспірім суицид жасаған

27 Сәуір 2023, 14:23
904
Бөлісу:
Биыл Ақтөбе облысында 5 жасөспірім суицид жасаған
Фото: BAQ.KZ

Биыл жыл басынан бері Ақтөбе облысында 5 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсаған, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің деректеріне сүйенсек, былтыр облыста 22 жасөспірім суицид жасаса, биыл төрт айдың ішінде кәмелетке толмаған 5 жас өмірмен қош айтысқан.

Өкінішке қарай, бүгінде еліміз жасөспірім арасындағы суицид саны бойынша әлем елдері арасында үштікке кіріп отыр.

Құқықтық статистика комитетінің мәліметінше, 2018-2022 жылдар аралығында Қазақстанда 17 631 суицид және 21 332 өз-өзіне қол жұмсауға оқталу деректері тіркелген. Олардың арасында кәмелет жасқа толмағандардың үлесі көп.

Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Дина Жаманбаеваның айтуынша, өңірде мұндай жағымсыз жағдайлардың алдын алу үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Бүгінде облыстағы білім беру ұйымдарында 526 педагог-психолог және 308 әлеуметтік педагог еңбек етеді. Олар жыл басынан бері білім беру мекемелерінде аутодеструктивтік мінез–құлықтың алдын алу мақсатында іс-шаралар жүргізіп келеді. Мәселен, өңірімізде бұл бағытта «Аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алуда психокоррекциялық сабақтар», «Кәмелетке толмағандар арасында аутодеструктивтік мінез-құлықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық іс-қимылдар алгоритмі», «Психопрофилактикалық қызмет: Білім алушы. Әке-ана. Педагог» тақырыптарында педагог-психологтарға шебер-класстар, семинар тренингтер өткізілді. Осы шараларға мобильді топ мүшелері де қатысты. Баланың құқықтарын қорғауды күшейту және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылдар жасау, жасөспірімдер арасында аутодеструктивті мінез-құлық мәселелерін шешу жөніндегі 2020-2023 жылдарға арналған жол картасы аясында мамандардың жұмыстарын зерделеу, әдістемелік көмек көрсету жұмыстары жүргізілуде. Аптаның әр бейсенбі күні облыста әдістемелік күн аясында мамандар мәселесі бар тақырыптар бойынша супервизия жүргізіп отырады, — дейді ол.

Оның айтуынша, биыл 30 қаңтар-14 сәуір аралығында Ақтөбе облысындағы 82 білім беру ұйымының оқушыларына суицидтің және буллингтің алдын алу бойынша кездесулер өткізілген. Осы шаралардың аясында мекеме басшыларының және ата-аналардың сұранысы бойынша «Жан сыры» психологиялық қолдау кабинетінің мамандары оқушыларға жан-жақты кеңестер беріп, мектеп психологтарына бағыт-бағдар сілтеген.

Психолог мамандардың айтуынша, негізінен, адамдарды суицидке итермелейтін бірнеше фактор бар. Олар: әлеуметтік қиындықтар, мінез-құлықтың бұзылуы, нашақорлыққа, ішімдікке, құмар ойынға әуес болу, баянсыз махаббаттың азабына көндіге алмау, жақындарын жоғалту, т.б.

Жалпы қазір қоғамда өз-өзіне қол жұмсайтындар — 15-24 жас аралығындағы жастар, сондай-ақ 40-60 жас аралығындағы азаматтар. Кейбір адамдар өзгелердің назарын өзіне аударту үшін де осындай әрекетке барады. Бұл да адамның психикасының бұзылғандығын көрсетеді. Жаны сау адам мұндай қадамға бармайды. Сондықтан кез келген жас болсын, ересек адам болсын, өзін сабырлыққа, төзімділікке шақырып, басына түскен қиындықтарды жеңуге талпыну керек. Барлық қиындық өткінші, соны естен шығармауымыз қажет, — дейді психолог Орынгүл Қоңырбай.

Ақтөбе қаласының тұрғыны, көп балалы ана Ақзира Елдестің айтуынша, қазір балаларға үнемі көңіл бөліп отыру өте маңызды. Әр ата-ана өз балаларымен сырласып, олардың тілегін, ой-пікірін сұрап отыруы керек.

Отбасында бес бала өсіріп, тәрбиелеп отырмын. Үйдің үлкені тұрмысқа шықты. Бізден бөлек тұрады. Одан кейінгі қызым жоғары оқу орнында оқиды. Ал үш балам мектепте білім алады. Әсіресе, осы мектепте оқитын балаларыма ерекше назар аударып отырамын. Қазір білім беру ұйымдарында буллинг, баллалардың бір-бірімен бәсекелесуі, бір-біріне қиянат жасауы көбейіп барады. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін мектеп мұғалімдерімен, психолог маманмен әрдайым бірлесіп жұмыс жасап отырамын. Бұл алдымен балаларымның қауіпсіздігі үшін керек. Меніңше, әрбір ата-ана балаларының артық қылығын, мінез-құлқының өзгергендігін байқаса, бірден мектеп психологына апаруы керек. Бала қай кезде де ойын ашық айта алмайды, сондықтан біз, аналар қауымы, әр баланың ішкі жан дүниесіне үңіліп, оларға қандай жағдай болса да қолдау танытуымыз керек. Бұл олар үшін өте маңызды. Егер сіз балаңызбен сырласып, оның түздегі жүріс-тұрысын біліп отырсаңыз, суицид сияқты жағымсыз дүниелер болмайды. Осыны ата-аналар түсінуге тиіс, — дейді көп балалы ана.

Өзгелердің жаңалығы