Ақтөбе облысында жыл басынан бері мемлекеттік қызметте еңбек етіп жүрген 5 адам қылмыстық жауапқа тартылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Алмат Мырзалиевтің айтуынша, былтыр өңірде жалпы саны 52 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылса, биыл олардың саны — 15.
Облыстағы мемлекеттік қызметшілер арасында былтыр 15 адам, биыл 5 адам қылмыстық жауаптылыққа тартылды. Департамент тіркеген қылмыстық істердің басым бөлігі пара алу, бюджет қаражаттарын жымқыру, лауазымдық міндеттерін теріс пайлалану деректері болып отыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерi жария етiлмейді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабы 3-тармағы 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, әрбір азамат қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кiнәлiлiгi осы Кодексте көзделген тәртiппен дәлелденгенге дейін және соттың заңды күшiне енген үкiмiмен белгiленгенге дейiн кiнәсiз болып саналады, — дейді Алмат Мырзалиев.
Оның айтуынша, облыстағы мемлекеттік қызметшілерге қатысты қозғалған сыбайлас жемқорлық қылмыстарының мән-жайы сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуіне байланысты айтылмайды.
Сондай-ақ, ҚР Мемлекеттік қызмет туралы Заңының 16-бабының 3-тармағы 8-тармақшасына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған мемлекеттік қызметші қайта жұмысқа қабылданбайды.
Айта кету керек, бүгінде өңірде 3858 мемлекеттік қызметші болса, соның 59,7 пайызы — әйелдер. Олардың орташа еңбек өтілі — 11 жыл.