Биыл 1 млн 220 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр – Мамин

2 Маусым 2020, 10:18
1128
Бөлісу:
Биыл 1 млн 220 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр – Мамин

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Біз күрделі жағдайдан өттік, екі ай бойы төтенше жағдай мен карантиндік режим болды. Кәсіпорындар мен бизнес жұмыс істемеді. Қазіргі таңда экономиканы қалпына келтіру процесі жүруде. Бұл туралы ҚР премьер-министрі Асқар Мамин бүгінгі Үкімет отырсында айтты.

Жиын барысында ол бүгінгі экономикалық және іскерлік белсенділікті қалпына келтіру жағдайында халықты жұмыспен қамту ең негізгі мәселе екенін айтты. 

Осы жұмыстың аясында экономиканы жандандыруға, жұмыс орындарын сақтап қалуға және құруға бағытталған дағдарысқа қарсы шаралар топтамалары мен кешенді жоспар қабылданды. Біз адамдарды жұмыспен қамтамасыз етуіміз керек. Олардың әл-ауқатын жақсартуға жағдай жасауымыз қажет. Сондықтан жұмыспен қамту мәселесі бәріміз үшін бірінші орында болу керек, - деді премьер-министр.

Оның айтуынша, барлық мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру аясында жұмысқа орналастыру шаралары бойынша биыл 1 млн 220 мың адамды қамту жоспарланып отыр. Бұл бағытта "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы үлкен үлес қосуда. 

Бағдарламада осы мақсаттарға 176 млрд теңге қарастырылған. Бұл өте өзекті бағдарлама. Жыл басынан бері  260 мыңнан астам адам өтініш білдірді, олардың 184 мыңы жұмысқа орналастырылды. Шығыс Қазақстан, Қостанай, Жамбыл, Павлодар облыстарында жұмыспен қамту шараларының қарқыны жақсы. Сонымен қатар, Шымкент қаласы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары артта қалып отыр. Атап айтқанда Шымкент қаласында әлеуметтік жұмыс орындарында жұмысқа орналастыру, қоғамдық жұмысқа жіберу және грант беру бойынша көрсеткіштері төмен. Сондай-ақ Ақтөбе облысы бойынша грант беру деңгейі өте төмен. Маңғыстау және Батыс Қазақстан облысында шағын несие беру бойынша нашар жұмыс жүргізуде. Бұл әкімдіктердің осы бағыттағы жеткіліксіз жұмыс нәтижесі. Осы ретте шұғыл шараларды қабылдау қажет. Жұмыспен қамтуды қолдау үшін барлық құралдар бар, соларды белсенді қолдану керек, - деді Асқар Мамин. 

Сонымен қатар, ол жарты жылдың қорытындысы бойынша жұмыспен қамту мәселесі мемлекет басшысының төрағалығымен өтетін Үкіметтің кеңейтілген отырысында қаралатынын айта келе министрліктерге бірқатар тапсырма берді. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылық министрліктері әкімдіктермен бірге жұмыспен қамтуды жандандыру бойынша нақты шаралар қабыдасын. Екінші, өңірлердің әкімдіктері бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша мемлекеттік бағдарламаларды, соның ішінде "Еңбек" бағдарламасын іске асыруда барлық көрсеткіштеріне қол жеткізуін қамтамасыз етсін. Үшінші, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әкімдіктермен жоспарланған индикаторларға, әсіресе азаматтарды тұрақты жұмыс орындарына орналастыруына сапалы талдау мен мониторинг жүргізсін, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы