Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында экономиканы қолдау шаралары бойынша өткен онлайн брифинг кезінде айтты.
Көлік инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту және халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету мақсатында "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 5,5 мың шақырым республикалық және 4 мың шақырым жергілікті жолдарды салу және реконструкциялау бойынша жұмыс жүргізілуде. Жол-құрылыс жұмыстарына бас-аяғы 200 мың адам тартылды. Осы жылы тірек ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын жаңғырту бойынша "Ауыл – ел бесігі" жобасын қаржыландыру 98 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Бүгінгі таңда 216 ауылда көлік (368 жоба) және әлеуметтік инфрақұрылымды (223 жоба), сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты (329 жоба) дамытуға бағытталған 920 жоба іске асырылуда. Жобаларды іске асыру бағытында 16 мыңнан астам адам жұмыс істейді, - деді ол.
Министр халықты сапалы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметтерімен қамтамасыз ету үшін инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бойынша жұмыс жалғасып жатқанын айтты. Оның мәлімдеуінше, осы жылдың 6 айында 800 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілері қайта жаңартылды.
Бұдан басқа, 13,7 млрд теңге сомасына өңірлерді газдандыру бойынша 21 жоба іске асырылуда. Жалпы, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жұмыспен қамтуды қалыптастыру шараларымен жыл соңына дейін 1,2 млн-нан астам адам қамтылады. Сондай-ақ, 2 млн-нан астам жұмыс орнын сақтап қалу және тұрақты еңбекақы төлеу үшін әкімдер, жұмыс берушілер және кәсіподақтар арасында 140 мың меморандумға қол қойылды. 1,1 млн-нан астам қызметкер жұмыс істейтін 1 мыңнан астам ірі кәсіпорындармен еңбек ресурстарының басқарылатын ағыны бойынша "Жол карталары" жасалды, - деді ол.