Бітімгершілік, құқықтық көмек: Мәжіліс ҰҚШҰ-ға қатысты 3 заң қабылдады

31 Мамыр 2023, 10:50
893
Бөлісу:
Бітімгершілік, құқықтық көмек: Мәжіліс ҰҚШҰ-ға қатысты 3 заң қабылдады
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Мәжіліс депутаттары Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына қатысты 3 заң қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов заң жобаларын таныстырды.

Ол алдымен депутаттар назарына «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің аумағында ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құралымдарының уақытша болуына байланысты істер бойынша құқықтық көмек көрсету және юрисдикция мәселелері жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын ұсынды.

Оның сөзінше, бұл келісімге 2021 жылы 16 қыркүйекте Душанбеде Ұжымдық кеңес отырысында қол қойылған.

Келісімге жүйе күштері мен құралдары құрамына кіретін адамдарға қатысты қылмыстық және әкімшілік іс бойынша мемлекет құзыретті органның ынтымақтастық жасау тетігі айқындалады. Құзыретті органға әскери басқару органы, әскери бөлім командирі, сот, прокуратура, алдын ала тергеу, ішкі істер, қауіпсіздік органы мен арнайы қызмет жатады, - деді вице-министр.

Айтуынша, келісімде жүйе күштері мен құралдары құрамына кіретін адамдарға қатысты тараптар юрисдикциясының шегі айқындалған. Сонымен қатар жіберуші елдің адамы келген аумақта қылмыс жасаған кезде оны тергеу тәртібі бекітілген.

Процесс кезіндегі шығынды тарап өзі көтереді. Сондай-ақ тараптардың егемендігі мен ұлттық қауіпсіздігі ескеріледі. Сонымен қатар келісімде егер осы құқықтық көмек тарапының егемендігі мен қауіпсіздігіне нұқсан келтірсе, ұлттық заңнамасына қайшы келсе, одан бас тартылады деп көзделген, - деп түсіндірді Сұлтан Қамалетдинов.

Келісімді ратификациялау Қазақстан мүддесіне және ұйым шеңберіндегі халықаралық міндеттемеге сәйкес келеді.

Онымен қоса Қорғаныс министрлігінің өкілі «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскерлерін (Ұжымдық күштерін) бірлескен материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз ету туралы келісімді ратификациялау туралы» және «2007 жылғы 6 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгершілік қызметі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобаларын таныстырды.

Хаттамада 2007 жылғы 6 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымының бітімгершілік қызметі туралы келісімнің 1-бабын «үйлестіруші мемлекет» деген жаңа ұғымның анықтамасымен толықтыру және келісімнің 8-бабын жаңа редакцияда жазу ұсынылады.

Бітімгершілік туралы хаттамада келісімге БҰҰ-ның бейбітшілікті қолдау жөніндегі операцияларында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгершілік күштерін қолдану тәртібін белгілейтін өзгерістер көзделеді.

Осылайша, БҰҰ-ның бейбітшілікті сақтау жөніндегі операцияларында қолдану үшін ҰҚШҰ-ның Ұжымдық бітімгершілік күштері үйлестіруші мемлекеттің қамқорлығымен құрылады.

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Ұжымдық бітімгершілік күштерінің БҰҰ-ның бейбітшілікті қолдау жөніндегі операциясына қатысу шарттары үйлестіруші мемлекет БҰҰ-ның уәкілетті бөлімшесімен жасасатын келісімде айқындалатын болады. БҰҰ-ның бейбітшілікті қолдау жөніндегі операцияларында қолдануға арналған ҰҚШҰ-ның Ұжымдық бітімгершілік күштеріне бітімгершілік контингенттерді енгізуге байланысты жекелеген мәселелер үйлестіруші мемлекет пен басқа мүше мемлекеттер арасындағы екі және көпжақты келісімдермен реттеледі.

Әрбір мүше мемлекет өзінің қатысуы туралы ҰҚШҰ Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесін хабардар ете отырып, БҰҰ мандаты бойынша бітімгершілік операцияларға қатысу үшін БҰҰ бітімгершілік әлеуетінің әзірлігін қамтамасыз ету жүйесінде тіркелген өзінің бітімгершілік контингенттерін жіберуге құқылы.

Мәжіліс депутаттары әр заңды жеке талқылап, жеке-жеке дауысқа салды.  Нәтижесінде депутаттар ұсынылған 3 заң жобасын қабылдады.

Өзгелердің жаңалығы