Бішкекте Абай атындағы Қырғыз-Қазақ мәдени орталығы ашылды

11 Желтоқсан 2020, 23:36
2075
Бөлісу:
Бішкекте Абай атындағы Қырғыз-Қазақ мәдени орталығы ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бішкекте Абай Құнанбайұлы атындағы Қырғыз-Қазақ мәдениет орталығы мен ұлы ақынның бюсті ашылды, деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі.

Салтанатты жиынға Қазақстан елшісі Қайрат Нұрпейісов, Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат және туризм министрі Нуржигит Кадырбеков, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Нуран Ниязалиев, Қырғызстан халқы ассамблеясы кеңесінің төрағасы Абдыганы Эркебаев, халық ақыны, Қырғызстанның Қазақстандағы бұрынғы елшісі Акбар Рыскулов, сондай-ақ басқа да қоғам және мемлекет қайраткерлері қатысты.

Жаңа орталық Қырғызстандағы қазақтар қауымдастығы мен Қырғыз Республикасының А.Осмонов атындағы Ұлттық кітапханасының бастамасымен және Қазақстан елшілігінің тікелей қолдауымен ашылды.

Алаңы 420 шаршы метр құрайтын орталық аталған кітапхана ғимаратында орналасқан. Орталық үй-жайында жөндеу-әрлеу жұмыстары жүргізілген, жиһаздар мен кітаптарға арналған сөрелер орнатылған, қабырғалары ұлттық нақышта безендірілген, мәжіліс залы, келіссөздер жүргізу бөлмесі және оқу залы бар.

Абай бюсті мен ақпараттық стенд Орталықтың негізгі ортаңғы бөлігінде орналасқан. Мүсіннің авторы жас та талантты қырғыз шебері Кубаныч Токторалы уулу.

Орталық қызметінің негізгі мақсаты Қазақстан мен Қырғызстанның мәдениетін, өнерін, дәстүрі мен тарихын насихаттау болып табылады.

Ашылу салтанатында Нұрпейісов Қазақстанның Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың құттықтау хатын оқып берді. 

Абай орталығының ашылуы еліміздің Тәуелсіздік күні қарсаңында болып отырғаны кездейсоқ емес. Өйткені Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы қарым-қатынастар 29 жыл ішінде екіжақты ынтымақтастықтың барлық саласы бойынша екпінді дамуда, - деді ол. 

Елші орталықтың қазақ және қырғыз сарапшылары, бизнес қоғамдастықтары, және мәдениет қайраткерлерінің қатысуымен конференциялар, форумдар, консультациялар, семинарлар, симпозиумдар, дөңгелек үстелдер мен өзге де бірлескен іс-шараларды өткзуге арналған платформа ретінде қызмет ететініне сенім білдірді.

Жобаны іске асыру негізінен «KAZ Minerals Bozymchak» ЖШҚ Бас директоры Ильяс Тулекеевтің, Қазақстанның Қырғызстандағы Құрметті консулдары Болот Абилдаев пен Сабырбек Джумабековтің, сондай-ақ Қырғызстандағы қазақстандық басқа да кәсіпорындардың риясыз көмегінің арқасында жүзеге асырылды, олардың арасында: «Borusan Makina Kyrgyzstan LLC», «Нур Телеком» ЖШҚ,«Народный» Сауда Үйі» ЖШҚ,«Халық Банк Қырғызстан» ААҚ,«ЖБИ зауыты» ААҚ,«Нурай Пластик» ЖШҚ.

Орталықта Абай Құнанбайұлының портреті (авторы – танымал қырғыз суретшісі Сапарбай Осмоналиев) және Ұлы дала ойшылының есімімен байланысты картиналар қойылған. Бұдан басқа, Манас, Шоқан Уәлиханов, Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов, және т.б. тұлғалардың суреттері де бар.

Қазақстан тарапы атынан Ұлттық кітапхана мен Ұлттық академиялық кітапхана, сондай-ақ Елшілік Қырғызстанның Ұлттық кітапханасының қорын толықтыру үшін 500-ден астам кітап табыс етті. Бұлардың ішінде Қазақстан тарихы, философия, әдебиеттану, өнер саласындағы басылымдар, сондай-ақ қазақтың классикалық және қазіргі заманғы әдебиеті бар.

Өзгелердің жаңалығы