Бишімбаев кінәсін толық мойындады

11 Қазан 2019, 17:09
1983
Бөлісу:
Бишімбаев кінәсін толық мойындады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

2019 жылғы 25 қыркүйекте Шымкент қаласы Абай аудандық сотында Қуандық Бишімбаевті шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтініш қаралған.

Бұл өтінішті сот қанағаттандырды. Тиісті сот шешімі 2019 жылдың 11 қазанында заңдық күшіне енген.

Бұған дейін Бишімбаев мемлекет басшысына кешірім жасау туралы өтінішпен жүгінген болатын. Сөйтіп, 2019 жылдың ақпан айында Бишімбаевқа тағайындалған жазаны азайту арқылы өтінішхат қанағаттандырылған еді. 

"Шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішті қарау кезінде бас бостандығынан айыру орындарындағы сотталушының сипаттамасы, талап арызды өтеу, кінәсін мойындау және бас бостандығынан айыру жазасын одан әрі өтеудің қажеті жоқ екендігін көрсететін басқа жағдайлар ескеріледі. Бұрынғы министр өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінді. Сот берген талап арыз қайтарылды. Жазасын өтеу кезінде Бишімбаевтың мінездемелік сипатына оң баға берілген және ол мәдени-бұқаралық шараларға белсенді түрде қатысқан", - делінген ведомство хабарламасында.

Жазаның өтелмеген қалған мерзімінде ол пробациялық бақылауда болады.

Бұдан бұрын Бишімбаевтің босатылғаны туралы ақпарат шыққан болатын. Кейіннен Бишімбаевтің адвокаты Мәди Мырзағараев оның бостандыққа қалай шыққанын айты.

Еске сала кетсек, 2017 жылдың қаңтарында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік қызметкерлерімен ұсталған. Аса шулы іс бойынша сот тергеуі төрт айдан астам уақытқа созылып, үкімді 2018 жылдың наурызында шығарды. Ол 10 жыл бас бостандығынан айырылды. Ол мемлекеттік қаражатты жымқыру және бірнеше рет пара алу дерегі бойынша айыпты деп танылды.

Тамыз айында Бишімбаевты Нұр-Сұлтаннан әлдеқайда қауіпсіз деп танылған Леңгір қаласындағы қоныс-колониясына ауыстырған.

Өзгелердің жаңалығы