Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында "ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің қаржы нарығы саласындағы заңнамасын үйлестіру туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасы қабылданды.
Аталған заң жобасын сенаторларға ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың туған інісі, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Есжан Біртанов таныстырды.
Келісім 2014 жылдың 29 мамырындағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімнің 70-бабына сәйкес әзірленген. Ортақ қаржы нарығын құру, банктік сақтандыру және бағалы қағаздар нарығындағы қызмет көрсету секторында лицензияларды өзара тану, қаржы нарықтарына шектеусіз кіруді қамтамасыз ету, мемлекеттік реттеуді жетілдіру және қаржы нарықтарында бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруды көздейді, - дейді Есжан Біртанов.
Оның айтуынша, бұл келісім 7 бағытты айқындап отыр.
Бұл талаптарға қаржы нарықтарына қатысушыларға мекеме мен қызметін құруына қатысты талаптар, халықаралық стандарттарға сәйкес қаржы нарығы саласындағы тәуекелдерді реттеу, қадағалау талаптары және қаржы нарығының қатысушыларына қадағалауды жүзеге асыру тәртібі, лицензияларды өзара тану талаптары, қаржы нарығы саласында ақпаратты жария етудегі талаптар, мемлекеттік-мүше инвесторларының қаржы нарығына қатысушылардың жарғылық капиталындағы акцияларды сатып алуы, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын және мүдделерін қорғау жөніндегі талаптар жатады. Келісімде үйлестіруді жүргізу тәртібі айқындалған. Келісім күшіне енгеннен кейін 9 айдың ішінде Үйлестіру жоспары әзірленеді, - деді Есжан Біртанов.