Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус жаз және күз айларында да жалғасуы мүмкін екенін айтты.
Қазір сарапшылар көбейіп кетті ғой. Алайда көбі медицина саласының сарапшылары емес. Біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен байланыстамыз. Сонымен қатар, басқа да мемлекеттердің денсаулық сақтау министрліктерімен, ғылыми-зерттеу ұйымдарымен тікелей байланыстамыз. Жалпы айтқанда, түрлі болжам көп. Қазіргі болжам бойынша әрбір мемлекет үш айдың ішінде ауырып шығатын түрі бар. Сосын әр мемлекет бастапқы бір, бір жарым айдың ішінде ең жоғары деңгейге келеді. Одан кейін әр елде карантиндік шаралар енгізіледі, - дейді министр.
Оның айтуынша, сосын инфекцияның таралуын төмендетіп, осы үш айдың аяғында ең төмен деңгейге жетеді.
Өкінішке қарай, қазір көріп отырғанымыздай, Қытай, Корея эпидемиядан өтсе де, күн сайын жаңа науқастар тіркеліп жатыр. Қазіргі болжам бойынша, жаз айында, мүмкін, күзде де коронавирус індеті жалғасуы әбден мүмкін. Біз білеміз, сеземіз. Осыған байланысты қажетті шаралар қолға алынды. Коронавирус күзде қайталанса, біз дайын болуымыз керек. Біріншіден, ел дайын болуы қажет. Әр адам түсіну керек. Тез жұғып таралатын ауру. Карантин ұзақ мерзімге созылса шыдамдылық танытайық, - деді Елжан Біртанов.Айта кетсек, бүгінгі брифинг барысында денсаулық сақтау министрі емделіп жатқан 11 науқастың жағдайы ауыр, 68 науқастың жағдайы орташа деңгейде және 345 науқастың жағдайы жеңіл екенін айтты. Сондай-ақ, министр коронавирусқа байланысты ауыл адамдарына ескерту жасады. Ол карантиндік нысандарда жұмыс істеп вирус жұқтырған медицина қызметкерлерінің арасында 28 адам бар екенін мәлімдеді.