Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Коронавирус жұқтырғандардың арасында 11 адамның жағдайы ауыр. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты.
Дүниежүзіне тарап кеткен коронавирустық инфекция әрі қарай нашарлап келеді. Науқастардың саны көбейіп жатыр. Өткен тәулікте дүние жүзінде көрсеткіш 8,4%-ға өсті. Жаңа науқастар, қайтыс болғандар бар. Әлем бойынша осы дерттен 53 мыңға жуық науқас қайтыс болды. Еліміз бойынша 453 науқас тіркелді. Олардың ең көбі - Нұр-Сұлтан қаласында. Өкінішке қарай, 3 адам қайтыс болды. Дегенмен, қуанышты жаңалық та бар - 29 адам жазылып шықты, - деді Елжан Біртанов.
Оның айтуынша, емделіп жатқан 11 науқастың жағдайы ауыр.
Олар интенсивті жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр. 68 науқастың жағдайы орташа деңгейде және 345 науқастың жағдайы жеңіл деп саналады. Осы науқастарға қарым-қатынасы бар делінген 13 467 адам анықталды. Соның ішінде 442 азамат шетелге шығып кетті. Қалған 13 025 адам табылды. Олар стационарлық ауруханаға және үйде оқшауланды, - дейді министр.