Біртанов: 4 мың адам тегін дәрі-дәрмек алмағаны туралы SMS хабарлама жолдады

25 Шілде 2019, 14:25
1739
Бөлісу:
Біртанов: 4 мың адам тегін дәрі-дәрмек алмағаны туралы SMS хабарлама жолдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әр науқасты цифрландыру арқылы тегін-дәрмекті алған-алмағанын қадағалап отыру мүмкіндігі туды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты. 


"Өткен жылы тегін дәрі-дәрмек келгені туралы хабарлайтын SMS хабарлама жіберу жүйесін іске қосқан едік. Бұл жүйе биыл да жалғасын табуда. Осының нәтижесінде 4 мың адамнан тегін дәрі-дәрмек берілді деп белгіленгенмен, іс жүзінде  алмағандары туралы SMS хабарлама келді. Бұл жалпы рецепті алып қарағанда 0,5% жағдай ғана, дегенмен әр жағдай бойынша неге олай болғаны туралы тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр", - дейді Елжан Біртанов. 

Министр мемлекеттік және жеке меншік емханалардан науқас туралы электронды жазба болуы талап етілетінін айтты. 

"Бұл медициналық қызмет сапасының артуына ықпал етеді. Сондай-ақ,  1 қаңтардан бастап балаларға тағайындалған дәрі-дәрмектер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру негізінде тегін берілетін болады. Одан кейін тегін дәрі алатын әлеуметтік топтардың аясы кеңейе береді", - деді министр.

Бұған дейін, министр Елжан Біртанов денсаулық сақтау саласы цифрландырудың арқасында қағазбастылықтан арыла бастағанын айтты. 

Сонымен қатар, тегін дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдарды беру барысын бақылау нәтижелері жарияланды. 




Өзгелердің жаңалығы