Блогер Әсел Асқарды жаттығу залында белгісіз ер адам балағаттап, соққыға жыққан, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Болған оқиғаны блогер әлеуметтік желісінде айтып берді. Әселдің сөзінше, оны кәсіби спортшы соққыға жыққан.
Түрі кавказ ұлтының өкілі, грек-рим күресінен чемпион, кәсіби спортшы соққыға жықты. Анамды балағаттап, өзіне ешкімнің ештеңе істей алмайтынын айтып қорқытты. Оның белді адам екені белгілі болды. Ол мені ұрып қана қоймай, "қазақтың жезөкшесі" деді. Осы оқиғаны анықтап, қолданыстағы заңнама аясында шешім қабылдауларыңызды сұраймын. Құрметті генерал Запаров Арыстанғали Расылханұлы мырза, осы тергеудің барысын жеке бақылауға алуыңызды сұраймын, – деді Әсел Асқар.
Полиция департаментінің блогерді ұрған күдіктіні анықтады. Күдікті 27 жастағы азамат. Аталған іс Әкімшілік кодекс аясында "Ұсақ бұзақылық" және "Ұрып-соғу" баптарымен қарастырылмақ.
Аталған деректі Медеу аудандық полиция басқармасы тіркеп, тексеруде. 1996 жылы туған азаматқа қатысты ӘҚБтК - нің 73-1 ("Ұрып-соғу") және ӘҚБтК-нің 434 ("Ұсақ бұзақылық") баптары бойынша әкімшілік іс қозғалды. Жәбірленуші алған дене жарақаттарының ауырлық дәрежесін анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындады. Шешім шығару үшін іс жүргізу материалдары сотқа жіберілетін болады, - деп мәлімдеді ПД баспасөз қызметі.