ҚР Қорғаныс министрлігі жыл басынан бері әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты шұғыл шаралар қабылданғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жыл басынан бері Қарулы Күштерде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің басшылығы қаза болғандардың отбасыларына, туған-туыстарына және жақындарына шынайы көңіл айтады.
Қарулы күштердің басшылығы болған жағдайдың барынша ауыр екенін және әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жауапкершіліктің толық көлемін терең түсінетінін жеткізді.
Министрліктің баспасөз қызметі мәлім еткендей, Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың тапсырмасы бойынша мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алуға бағытталған шұғыл шаралар кешені қабылдануда.
Ведомствода атап өткендей, тәрбие жұмысының ұйымдастырылуы мен әскери тәртіпті бақылау күшейтілді. Қару-жарақты пайдалану, сабақтар өткізу, атыс жаттығулары мен тапсырмаларды орындау кезінде жарғылық талаптар мен қауіпсіздік шараларын сақтау талаптары қатаңдатылды.
Әскери бөлімдерге Қарулы Күштердің жеке құрамын кешенді психологиялық тексеруден өткізу үшін комиссиялар жіберілді. Әскери қызметшілердің психикалық жай-күйіне, сондай-ақ қызметтік міндеттерді орындауға психологиялық дайындық деңгейіне қайта бағалау жүргізілуде.
Командирлер мен сержанттық құрамның жеке жауапкершілігі арттырылды. Негізгі назар оқыс оқиғалардың алдын алуға және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға бағытталды.
Әскери полиция күштерімен әскери бөлімдерде жан-жақты тексерулер ұйымдастырылды. Жеке құрамға бақылау, бейнебақылау, оның ішінде қызметтен тыс уақытта да күшейтілді.
Тәулік бойы бақылау енгізіліп, құқық бұзушылықтар мен оқиғалардың алдын алуға бағытталған қосымша профилактикалық шаралар қабылданды.
Әскери қызметшілердің туыстарымен тұрақты бейнебайланысы қамтамасыз етілді.
Бөлімше командирлері ата-аналармен ресми байланыс арналары арқылы тұрақты түрде байланыста. Орын алған барлық оқиғалар бойынша нақты кадрлық және тәртіптік шешімдер қабылданды. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, штаб бастығы және қолбасшының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Әскери қызметші қаза тапқан әскери бөлімнің командирі, оның орынбасары, сондай-ақ батальон командирі атқарып отырған лауазымдарынан босатылды. Қабылданып жатқан барлық шаралар ең алдымен жеке құрамның өмірі мен денсаулығын сақтауға және мұндай қайғылы жағдайлардың қайталануына жол бермеуге бағытталған. Бұл бағыттағы жұмыс тұрақты негізде жалғасын табады, - деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін Өскеменде мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген сарбаз көз жұмған еді.