Бірлікті бекемдеуге әрқайсымыз атсалысуымыз керек – Ринад Бектимиров

24 Сәуір 2019, 21:13
2490
Бөлісу:
Бірлікті бекемдеуге әрқайсымыз атсалысуымыз керек – Ринад Бектимиров

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Тобыл-Торғай өңірінде 16 мыңнан астам татар, 4 мыңға жуық башқұрт тұрады. Олардың салт-дәстүрін, тілін ұмытпай, мерекелерде бас қосуына «Дуслық» этномәдени бірлестігі себепші болып жүр.

«Дуслық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігі облыста ең белсенді ұйымдардың бірі. Жыл сайын ұйымдастыратын көптеген іс-шаралары бар. Мәселен, Сабантуй мерекесі дәстүрге айналған. Бұл іс-шараға көршілес елдерден сыйлы қонақтар, татар-башқұрт өнер ұжымдары қатысады. Сабантуйда туыстас халықтардың мәдениеті, салт-дәстүрі көрсетіліп, ұлттық ойындар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, Наурыз, Құрбан айт сынды мейрамдарда да «Дуслық» мүшелері белсенділік танытады.

«Татарлар мен башқұрттардың тарихы, тамыры ежелден осы елмен байланысты. Бауырлас ұлт болғандықтан, біздің жаттық көрмейтініміз белгілі. Екіншіден, қазақ халқы ешкімді өзекке теппеген ел. Мұнда мәдениеті, танымы әртүрлі этностар түсінісіп өмір сүріп жатқаны соның дәлелі. Үшіншіден, ұлттар мен ұлыстардың айрандай ұйып отырғаны – бірлікті басты ұстаным еткен саясаттың жемісі», - деді «Дуслық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің жетекшісі, Nur Otan партиясының Қостанай облыстық филиалы саяси кеңесінің мүшесі Ринад Бектимиров.

Ұйым жетекшісі алда өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVII сессиясына Қостанай өңірінен делегат ретінде қатысқалы отыр. Оның айтуынша, маңызды жиында саяси науқан басты тақырып болғанымен, бірлікті бекемдей түсетін қадамдар жасалуы тиіс.

«Біз маңызды шешімдер қабылданар кезеңде тұрмыз. Осындай жауапты тұста әрқайсымыз бірлікті бекемдеуге атсалысуымыз керек. Бірлестік мүшелері осы ұстанымды естен шығармақ емес», - Nur Otan партиясының Қостанай облыстық филиалы саяси кеңесінің мүшесі  деді Ринад Бектимиров.


Өзгелердің жаңалығы