Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан халқы Ассамблеясы Жастар жылы аясында ұйымдастырған этномәдени бірлестіктер мен жастар ұйымдарының қатысуымен өтетін халықаралық «Бірлік» жастар лагері жұмысын бастады, деп хабарлады ҚХА баспасөз қызметі.
Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған жастар және шетелден келген қонақтар «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығында» бас қосып, «Дарын» орталығының жазғы сауықтыру лагеріне барды. Қатысушылар тіркеуден өткен соң, жеребе тартып топқа бөлінді. Лагерь аумағында «Tеам-building» өткізілді.
Іс-шараның мақсаты – мемлекеттік жастар саясатын дамыту және қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін насихаттау.
Лагерь аясында «Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар саясатын дамыту басымдықтары» атты форум, «Жастар ұйымдарының халықаралық жұмыс тәжірибесі» және «Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының міндеттерін практикалық іске асыру» туралы дөңгелек үстел өтті. Сондай-ақ, жастар арасында пікірталас, семинар-тренингтер ұйымдастырылды.
«Бірлік» халықаралық жастар лагері 28 тамызға дейін жалғасады.