Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан бірінші лигасының жетінші туры мәреге жетті. Турнир кестесінде «Алтай» көшбастап тұр.
Премьер-лигаға жолдама алудан үмітті «Алтай» сырт алаңда Қызылорданың «Байқоңыр» командасын жеңді. Таблодағы есеп – 3:1.
Негізі Шығыс Қазақстан облысының командасы үшін матч аса сәтті басталған жоқ. Ойынның 4-минутында «Байқоңыр» есепті ашты. Арада 10 минут өткенде Константин Бернацкий таразы басын теңестірді. Үзілістен кейін Сергей Дудкин мен Алтынбек Төлеевтің тура соққысы «Алтайға» жеңіс әкелді.
Осы жеңістің арқасында Сергей Тимофеев шәкірттері 17 ұпаймен бірінші орындарын сақтап қалды. «Алтай» әзірге чемпионатта бірде-бір ойында ұтылмаған жалғыз команда.
Жетінші турдың орталық ойыны Алматыда өтті. Жергілікті «Қайрат-Жастар» тағы бір премьер-лигадан үмітті команда «Каспиймен» кездесті. Бірінші таймда-ақ екі команда бір-бір голдан соқты. Осы есеп матч соңына дейн сақталып қалды. Қазіргі кезде екі команда да 14 ұпайдан бар.
Алматылықтар екінші орында болса, Ақтау футболшылары үштікті қорытындылап тұр.
Осының алдында бірінші лигада топ бастаған «Оңтүстік Акдемиясы» бұл жолы «Жетісу Б» командасымен тең тарқасты (1:1).
Петропавлда «Қызыл-Жар» мен «Қыран» кездесуі аса тартысты өтті. Алаң иелері бірінші таймда екі гол соққанымен, үзілістен кейін қонақтар есеп айырмасын қысқартты. Дегенмен, Әли Әлиевтің шәкірттері жеңісті матч соңына дейін сақтап қалды.
«Ақжайық» Оралда «Шахтер-Болаттан» екі доп айырмасымен ұтылып жатып, 3:2 есебімен жеңісті жұлып алды. Шешуші голды «Ақжайық» төреші қосқан қосымша минуттарда соқты.
Осы турдың ең нәтижелі ойыны елордада өтті. «Астананың» жастар құрамасы Түркістан облысынан келген «Мақтааралды» 5:2 есебімен тізе бүктірді. Данияр Мұқановтың командасы осымен бұл маусымдағы төртінші жеңілістеріне ұшырады.
Аутсайдерлер арасындағы ойында «Екібастұз» сырт алаңда «Ақтөбе-Жастың» осал тұсын тапты. Павлодар облысының клубы 7 турда алғаш рет үш ұпайға ие болды. Ал қарсыласы бірінші лигада жеңіске жетпеген жалғыз команда ретінде қалып отыр.
Енді 8-тур 25 және 26 мамыр күндері өтеді. Онда «Шахтер-Болат» – «Ақтөбе-Жас», «Жетісу Б» – «Қыран», «Екібастұз» – «Қызыл-Жар СК», «Мақтаарал» – «Ақжайық»,»Каспий» – «Астана Ж», «Алтай» – «Қайрат-Жастар», «Оңтүстік Акдемиясы» – «Байқоңыр» кездеседі.