Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Бірінің жағы, екіншісінің мұрны сынған: Мұғалімдер мектепте төбелескен

27 Мамыр 2025, 12:06
7978
Бөлісу:
 видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот

Ақмола облысындағы Қосшы қаласында екі мұғалім мектеп ішінде төбелесіп қалған. Соның салдарынан біреуінің жағы сынып, ота үстеліне түскен, ал екіншісінің мұрны сынып, зардап шеккенін айтып отыр. Қазір екеуі де полицияға жүгінген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

"Жетінші арнаның" мәліметінше, жанжал сәуір айында болған, алайда мұғалімдер полицияға арызды енді ғана түсірген.

IT пәнінің мұғалімі Бекарыс Жақсыбаевтың айтуынша, ол жай ғана әріптесімен амандаспақ болған, бірақ әріптесі агрессивті жауап қайтарған.

Мен тек амандасқым келген, бірақ байқамай әріптесімнің бетіне тиіп кетіппін. Ол қолын сермеп, кейін спортзалға шақырды. Барсам, бетіме жұдырық сілтеді, - дейді педагог.

Кейін дәрігерлер оның жақ сүйегінің сынғанын анықтап, Астанаға жіберіп, ота жасаған. Бірақ екінші тарап, яғни тарих пәнінің мұғалімі Ілияс Ибрагим керісінше, өзін ұрған деп отыр.

Мен ешкімді ұрған жоқпын. Керісінше, мені ұрды. Дене шынықтыру мұғалімдері бізді ажыратқанша мені соққыға жықты. Мұрным сынған, әлі де ізі бар. Бетім көкала болып, көгеріп кеткен, - дейді ол.

Лицей-мектептің директоры Өркен Шахметов сол сәтте жағдай аса ауыр көрінбегенін, сондықтан жедел жәрдем де, полиция да шақырылмағанын айтты.

Өздері келіп, өздері кеткен адамдар ғой. Жедел жәрдем шақыруға себеп болған жоқ. Ешкім бізге көмек сұрап келген жоқ. Қазір педагогикалық кеңес өткізуді жоспарлап отырмыз. Әлі кеш емес, - деп пікір білдірді директор.

Қазіргі уақытта полиция тергеу жүргізіп жатыр. Енді кінәлінің кім екенін және оқиғаның қалай болғанын тергеушілер анықтайтын болады.

Өзгелердің жаңалығы