Біріккен Араб Әмірліктері Астана әуежайын дамытуға инвестиция құяды

16 Мамыр 2025, 10:43
236
Бөлісу:
 Ғазиз ШАКИРОВ  - архив
Фото: Ғазиз ШАКИРОВ - архив

Terminals Holding (БАӘ) Астана әуежайын, Арнайы экономикалық аймақты және оған іргелес аумақтарды дамытуға инвестиция құяды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының баспасөз қызметі мәлім еткендей, Terminals Holding өзінің еншілес кәсіпорны Terminals Astana Airport Limited компаниясымен Астана қаласында орналасқан Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайын сенімгерлік басқару туралы 25 жылдық инвестициялық келісімшарт жасасты. Бұл маңызды оқиға Қазақстанның негізгі көлік торабы дамуына жаңа дем беріп, оның маңызды әлеуетіне деген сенімді растайды.

Біріккен Араб Әмірліктері Астана әуежайын дамытуға инвестиция құяды

Неліктен Астана әуежайына инвестиция салуға шешім қабылданды?

Бұл ауқымды инвестицияны салу туралы шешім әуежайды жедел басқаруды қолға алғаннан кейін 2023 жылдың қарашасында басталған бір жылға созылған жіті тексеруден кейін қабылданды. Кешенді талдау нысанның қазіргі уақыттағы жай-күйін егжей-тегжейлі сараптауды, оның ішінде анықталған қаржылық қиындықтарды (әуежайдың 2023 жылғы шығыны 14 млрд теңгеден астам қаржыны құрады), стратегиялық перспективалар мен жаңғырту мүмкіндіктерін бағалауды қамтыды.

Біздің басқарудың бірінші жылының өзінде, яғни 2024 жылы әуежай 790 миллион теңге кіріске қол жеткізіп, керемет нәтиже көрсетті. Бұл елеулі прогреске бірқатар операциялық жетілдірулер арқасында қол жеткізілді: біз коммерциялық кеңістікті пайдалануды оңтайландырып, заманауи басқару жүйелерін, соның ішінде жолаушыларды биометриялық сәйкестендіру мен автоматтандырылған бақылау-өткізу пункттерін енгіздік, сондай-ақ транзиттік жолаушылар үшін әуежайдың тартымдылығын арттыратын өзара іс-қимылдың неғұрлым ашық және тиімді жүйесін құру үшін жалға берушілер арасындағы қарым-қатынастарды қайта анықтадық, - дейді Terminals Holding (БАӘ) компаниясынан.

Жолаушылар ағыны 2023 жылы жылына 7,5 миллион жолаушыдан 2024 жылы 8,3 миллион жолаушыға дейін өсті.

БАӘ компаниясы 2024 жылы жүргізілген талдау нәтижелері мен жобаның болашағын айқындаған алғашқы табыстарға сүйене отырып, Астана әуежайын дамытуға бағытталған кешенді бағдарламаны жүзеге асыру туралы шешім қабылдаған. Бағдарлама аясында тікелей инвестиция көлемі 153 миллиард теңгені құрайды. Сонымен қатар, алдағы 25 жыл ішінде үшінші тараптардан 393 миллиард теңгеге дейін жанама инвестициялар тарту көзделіп отыр. Бұл қаражат инфрақұрылымды ауқымды түрде кеңейтуге бағытталады.

Қаражат қайда инвестицияланады?

Қаражат халықаралық қауіпсіздік және тиімділік стандарттарына сәйкес келетін ұзындығы 3,5 км құрайтын жаңа (қосымша) ұшу-қону жолағының құрылысына жұмсалмақ. Жаңа ұшу-қону жолағы әуежайдың өткізу қабілетін айтарлықтай арттырып, ұшып-қону операцияларын қатар жүргізу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

Әуежайдың өткізу қабілетін 2033 жылға қарай жылына 15 миллион жолаушыға дейін және 2053 жылға қарай 30 миллион жолаушыға дейін арттыруға мүмкіндік беретін қолданыстағы Т2 жолаушылар терминалын кеңейту және жаңа халықаралық Т3 терминалының құрылысын бастау көзделген.

2053 жылға қарай жүк айналымын қазіргі максимум 12 000 тоннадан 130 000 тоннаға дейін ұлғайту мақсатында жүк терминалын жаңғырту, оның ішінде қойма кеңістігін кеңейту және заманауи логистикалық технологияларды енгізу жоспарланған.

Өсіп келе жатқан рейстерге үздіксіз қызмет көрсету мақсатында жанар-жағармай құю кешенінің аумағын 5,2-ден 11,6 гектарға дейін ұлғайту көзделіп отыр.

Инвестициялық бағдарламамызда қонақ үй кешендерін, іскерлік және сауда орталықтарын, сондай-ақ заманауи көрмелер мен конференц-залдарды қамтитын Aero City инновациялық көпфункционалды кластерін құруға ерекше көңіл бөлінеді. Aero City жобасы әуежайдың тартымдылығын арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашып, бүкіл аймақтың экономикалық дамуының катализаторына айналады. Сонымен қатар, бұл жоба үшінші тараптардан қосымша инвестициялар тартуға және жергілікті экономиканың өсуіне ықпал етеді.

Барлық инвестициялар Қазақстанның мемлекеттік бюджетінің қаражатын пайдаланбай жүзеге асырылатынын ерекше атап өткен жөн.

Біздің серіктестік барлық тараптардың мүдделерін толығымен ескеретінін ерекше мақтан тұтамыз. Негізгі инфрақұрылымға меншік құқығы "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ-да қалады, ал мемлекет бюджетке тұрақты кірістерді алуды жалғастырады.

Әуежайдың барлық қызметкерлері кепілдендірілген тұрақты жұмысқа орналасу арқылы өз жұмыстарын жалғастырады, сонымен қатар біздің бағдарламамызда қызметкерлерді оқыту және біліктілігін арттыру бойынша арнайы бастамалар бар.

Алға қойған үлкен мақсаттар бар

Бұл ауқымды жобаны жүзеге асыру Астана әуежайын жоғары әлемдік стандарттарға сәйкес келетін заманауи халықаралық авиациялық хабқа айналдырады. Бұл серіктестік Қазақстанның көлік инфрақұрылымын дамытуға және екі ел арасындағы экономикалық байланысты нығайтуға маңызды үлес қосады.

Біз, Terminals Holding компаниялар тобы, әлемнің әртүрлі аймақтарында әуежайды басқару және авиациялық қызметтерді көрсету саласында тиісті тәжірибеміз бар және біз бұл жобаны стратегиялық маңызды әрі ұзақ мерзімді деп санаймыз. Біз "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ-мен серіктестігіміз табысты халықаралық ынтымақтастық үлгісіне айналып, жолаушылардың жайлылығы үшін айтарлықтай өзгерістер әкелетініне сенімдіміз, - дейді Terminals Holding компаниялар тобынан.

Өзгелердің жаңалығы