Астанада қазақтың ұлттық спортын насихаттап жүрген күрестен спорт шеберіне үміткер Дулат Жүсіповтің айтуынша, баласын спортқа берген ата-ана одан бірден нәтиже күтпей, шыдамдылық танытқаны дұрыс, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазір Астанада спортпен айналысатын оқушылар көп. Баланы спортқа қатыстыру үшін барлық жағдай жасалған. Ата-ана өзінің қаржылық жағдайына қарап, баласын ақылы немесе тегін негізде қатыстыра алады.
№63 мектеп-гимназиясы дене шынықтыру пәні мұғалімі, еркін және қазақша күрестен спорт шеберіне үміткер Дулат Жүсіпов ұстаздыққа бет бұрғалы бері күрес үйірмесін ашып, балаларды жаттықтырып жүр.
Оның сөзінше, күреспен айналысуды кеш бастаған. Себебі ауылда күрестен дайындайтын адам болмаған.
Мен Ақмола облысында дүниеге келдім. Бала кезімде бапкер емес, әскери қызметкер болуды армандадым. Күресті кеш бастадым. Себебі ауылда жаттықтыратын адам болмады. Ең алғашқы жарысым 16 жасымда болды. Осы жарыстан қола медаль еншіледім, - деп еске алды ол.
Бапкер қазір 40 баланы күреске баптап жатқанын атап өтті.
Қазір мектепішілік үйірмеде 40 баланы жаттықтырамын. Нәтиже көрсетіп жүргендері бар. Бірнеше тәрбиеленушім республикалық жарыста жүлделі орын алды, - деді Жүсіпов.
Ол күреске қызығушылық танытатындар азаймайтынын, керісінше жыл санап артып келе жатқанын айтты.
Күреске қатысатындар саны азаймайды. Біреуі кетсе, орнына басқа бала келеді. Көпшілігі бірден нәтиже көргісі келеді. Мен баласын күреске бергісі келетін ата-аналарға айтарым бар: Спортқа енді қатысқан баладан бірден нәтиже күтпеңіз, шыдамдылық танытыңыз, - деді бапкер.
Жүсіпов Астанадағы күрес спортының дамуына көңілі толатынын айтты.
Астанадағы күрес спортының дамуына көңілім толады. Себебі қазір түрлі деңгейдегі жарыстар көптеп өткізіледі. Басқа қалаларға жарыстарға барамыз, - деп түйіндеді ол.
Қазір елордада 25 аула клубы бар. Онда 3100 жуық бала тегін қатысады. Үйірмелер саны 124-ке жетті. Оның 56-сы - шығармашылық, 68-і спорт секциясы. Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасына қарасты @ast_aula.clubs парақшасынан үйірмелер туралы толық мәлімет алуға болады.