Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева еліміздің бірде-бір университетінде демограф маман оқытылмайтынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ведомство басшысы Ұлттық комиссиясының бір жарым жылда қандай істер атқарғанына тоқталды.
Біріккен ұлттар ұйымы жанындағы Әйелдер ұйымымен, БҰҰ Халықты қоныстандыру саласындағы (UNFPA) Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдеріндегі аймақтық қоры және Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен бірлесіп, 15 елдің үздік отандық және шетелдік ғалымдарының қатысуымен демографиялық даму бойынша екі үлкен форматты конференция өткізілді, - деді ол Үкімет сағатының отырысында.
Ол сондай-ақ отбасылық, гендерлік және демографиялық саясат мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу ұйымдарының Консорциумы құрылғанын айтты.
Бүгін мұнда Консорциумның бірқатар өкілі қатысып жатыр. Келешекте Консорциум демографиялық даму саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру бойынша бірқатар мақсатты ұсыныс әзірлеуді жоспарлап отыр. Бүгінде еліміздегі бірде-бір университет демограф мамандар дайындамайды. Қазір комиссия мүшелері ұлттық университет базасында, шетелдік мықты ғылыми орталықтармен бірлесе отырып, "Демография" мамандығы бойынша магистратура ғылыми дәрежесін оқыту мәселесін қарастырып жатыр, - деді Мәдениет министрі.
Балаеваның айтуынша, әрі қарай Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл саланы өңірлік жоғары оқу орындарының базасында дамытуы керек.
Себебі, демография саласында сапалы мамандар даярлау – еліміздің демографиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды шарттарының бірі. Тоқсан сайын комиссияның отырыстары саланы дамытудың ең өзекті мәселелері, оның ішінде отбасы институтын нығайту және демографиялық жағдайды жақсарту мәселелері бойынша өткізіледі, - дейді Аида Балаева.