Дәрігерлердің қажеттілігін қамтамасыз ету үшін, оның ішінде жіті тапшы мамандықтар бойынша 2023 жылы республикалық бюджеттің есебінен 6 мыңға жуық білім гранты бөлінді, деп хабарлайды BAQ.KZ ДСМ-ға сілтеме жасап.
Оның ішінде 2,7 мыңы – бакалавриат және интернатура, 2,5 мыңы – резидентура, 325 – магистратура; 160 – докторантура.
2023 жылы еліміздің медициналық жоғары оқу орындары 7 мыңға жуық дәрігер шығарды, орта медицина қызметкерлерінің саны 23 мыңнан асты. 3 мыңнан астам денсаулық сақтау мамандарын бөлу бойынша жұмысқа орналастырылды.
Жергілікті бюджет қаражатының есебінен биыл 16,5 мың дәрігер, оның ішінде шетелде 108 адам біліктілігін арттырудан өте алды.
Дәрігерлердің құзыретін арттыру мақсатында жалпы ұзақтығы 1 айдан 3 айға дейінгі ауылдық, қалалық, облыстық және республикалық денсаулық сақтау ұйымдарында резидент дәрігерлерді міндетті клиникалық даярлауды енгізу көзделген.
Бұл ретте түлектерді әлеуметтік қолдау шеңберінде 601 маманға көтерме жәрдемақы бөлінді, 384 жас дәрігер тұрғын үймен қамтамасыз етілді, 74 маман өзге де қолдау шараларын алды.
Медицина саласыда 78 мыңнан астам дәрігер және 180 мыңға жуық орта медициналық буын мамандары бар.