Қазақстанда мемлекеттік қызметке үміткерлер арасындағы бәсеке күшейді. 2025 жылы бір бос орынға орта есеппен 6-7 адамнан үміткер болған. Бұл дәстүрлі іріктеу көрсеткішінен төрт есе жоғары, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша мемлекеттік қызметтегі 10 607 бос лауазымға 73 211 кандидат өтініш берген. Конкурстық іріктеу нәтижесінде 8 398 адам жеңімпаз атанды.
Бәсекелестіктің артуына мемлекеттік қызметтегі кадрлық процестердің цифрлық форматқа көшуі де әсер етіп отыр. Кезең-кезеңімен цифрландыру 2023 жылы басталып, 2025 жылғы 1 шілдеден бастап іріктеудің жаңа тетігі мемлекеттік аппараттың барлық деңгейін қамтыды.
Кандидаттарға арналған сыртқы eqyzmet.gov.kz порталы жұмыс істейді. Ол арқылы бос жұмыс орнын таңдап, өтініш беруге және конкурстық рәсімдерден өтуге болады. Құжаттарды тапсырудан бастап қызметке тағайындалуға дейінгі барлық кезең «Е-қызмет» интеграцияланған ақпараттық жүйесінде автоматтандырылған.
Жаңа формат конкурстық рәсімдердің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ кандидаттардың іріктеуге қатысуын жеңілдетуге бағытталған.
Сонымен қатар бос лауазымдарды толтыру мерзімі айтарлықтай қысқарды. Қазір мемлекеттік орган бос қызмет орнына қызметкерді 5-7 жұмыс күні ішінде қабылдай алады. Бұған дейін конкурстық рәсімдер 23-30 жұмыс күніне дейін созылатын.
Осылайша, мемлекеттік қызметке іріктеу цифрлық форматқа көшкеннен кейін бәсекелестік артып, кандидаттарды іріктеу процесінің мерзімі бірнеше есе қысқарған.