Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында кәсіпкерлік субъектілеріне көрсетілген мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігіне жүргізілген аудит қорытындылары жөнінде баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, соңғы 6 жыл ішінде, яғни 2019-2024 жылдар аралығында мемлекет кәсіпкерлерге жалпы сомасы 4,5 трлн теңге көлемінде қолдау көрсеткен.
Олардың 90 пайызы небәрі бес қолдау құралына тиесілі, – деді Смайылов.
Бұл құралдардың қатарында шығыстарды субсидиялау, кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, тауарлардың кепілдік берілген көлемін сатып алу, кредит беру және лизинг тетіктері бар.
Жоғары аудиторлық палата төрағасы Мемлекет басшысының 2024 жылғы қыркүйек айында барлық мемлекеттік қолдау шарасына түгендеу жүргізуді тапсырғанын еске салды. Осы тапсырма аясында Ұлттық экономика министрлігі Бірыңғай тізілім жасап, тиімділікті бағалау әдістемесін әзірлеген.
Жұмыс алға жылжыған сияқты болды. Бірақ аудит бұл жұмыстардың шала жүргізілгенін көрсетті. Тізілім сапасы жеткіліксіз, – деді ол.
Смайыловтың айтуынша, онда Кәсіпкерлік кодексінде көзделген мемлекеттік қолдау шараларының барлығы толық қамтылмаған. Сонымен қатар тізілімде өзектілігін жоғалтқан шаралар да кездеседі.
Сондай-ақ елімізде көрсетіліп жатқан қолдау шараларының әсерін бағалау әдіснамасында айқындық жоқ.
Ұлттық экономика министрлігінің тәсілдері бір бөлек, салалық мемлекеттік органдардың тәсілдері бір бөлек, – деді палата төрағасы.
Оның айтуынша, “әлеуметтік әсер” және “экономикалық әсер” деген ұғымдардың өзі нақты айқындалмаған.
Олардың қалай есептелетіні, қай кезең бойынша есептеу қажеттігі түсініксіз. Әдістемелерде алынған нәтижені белгілі бірқолдау шарасымен қалай байланыстыруға болатыны ашып көрсетілмеген, – деп атап өтті Әлихан Смайылов Мәжілісте.
Аудит барысында бір бизнес субъектісінің мемлекеттік бюджеттен 10 жыл бойы тұрақты түрде қаржыландырылып, түрлі көздерден 19-ға дейін қолдау шарасын алған жағдайы анықталған. Осыған байланысты, оның айтуынша, көрсетіліп отырған қолдау шаралары инерциямен жалғасып келеді.
Нақты алынған нәтижелер бойынша бұл шаралар қайта бағаланбайды, – деп айтты Жоғары аудиторлық палата төрағасы.