Бір кәсіпкерді қолдау үшін 7 млрд теңге жұмсалады - ҰЭМ

23 Сәуір 2020, 12:00
1587
Бөлісу:
Бір кәсіпкерді қолдау үшін 7 млрд теңге жұмсалады - ҰЭМ
Президенттік қолдау

Нұр-Сұлтан, BАQ.KZ тілшісі.  Бұрын бұл қолдау 2,5 млрд теңге болатын, деді ҚР Ұлттық экономика министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту департаментiнiң директоры Шыңғыс Ахметов.

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Ұлттық экономика министрлігі Кәсіпкерлікті дамыту департаментiнiң директоры Шыңғыс Ахметовтың қатысуымен онлайн брифинг өтті. Брифинг барысында коронавирустық инфекцияға байланысты жарияланған төтенше жағдай мен мәжбүрлі шектеу шаралары шағын және орта бизнес қызметіне де кері әсерін тигізгені жайлы айтылды. 

Бұл сала бойынша зардап шеккендер қатарында қоғамдық тамақтандыру нысандары, туристік фирмалар, қонақүйлер, ірі сауда орталықтары, білім беру, көлік қызметі және т.б. халыққа қызмет көрсететін кәсіпкерлік субъектілер бар. Бұл қызметін мәжбүрлі түрде тоқтатқан шағын және орта бизнес кәсіпорындарының толық тізімі емес. Қазіргі таңда қалыптасқан жағдайға байланысты министрлік алдында дағдарысқа қарсы жедел шараларды әзірлеу міндеті тұр. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкіметтің шешімімен, салықтық ынталандыру, коммуналдық қызметтерді төлеуді кейінге қалдыру, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін оңтайландыру, жеңілдікті қаржыландыруға қол жеткізу секілді бірқатар шаралар қабылданып отыр,-деді Шыңғыс Ахметов. 

Сонымен қатар, ол шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілеріне қазіргі жағдайда "Бизнестің жол картасы-2025", "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламалары шеңберінде қандай нақты қолдау шаралары іске асырылып жатқанына да тоқталды.

Бұрын "Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасының шарты бойынша экономиканың нақты салаларын ғана қолдау көзделетін. Яғни, арнайы салалық шектеулер болатын. Қазіргі жағдайды ескере отырып және салалық шектеулерге қарамастан, бүкіл ШОБ субъектілерін қолдау міндетін түсіне отырып, аталған бағдарлама шеңберінде салалық шектеулер алынып тасталды. Дегенмен, бағдарлама аясында екі шектеу сақталды. Біріншісі, сауда саласында жылжымайтын мүлікті, құрал-жабдықтарды сатып алу сияқты инвестициялық мақсаттарға бағытталған несиелерді бағдарлама шеңберінде алуға болмайды. Бірақ, сауда қызметін қолдау мақсатында айналым қаражатты қаржыландыратын несиелерді алуға болады. Екіншісі, ҚР кәсіпкерлік кодексіне сәйкес, мемлекеттік қолдау шаралары берілетін кәсіпкерлік субъектілер де бар. Мысалы, бұлар акцизделетін өнім өндіру және көтерме сауда, лотерея ойнату, ойын бизнесі, банктік қызмет, аудиторлық қызмет сияқты 12 қызмет түрі бар. Осы қызметте жүрген ШОБ субъектілері және басқа да кәсіпкерлер бағдарлама шеңберінде қолдау ала алмайды. Осы екі шектеуді есептемегенде кез келген ШОБ субъектілері бағдарламаға қатысып, жеңілдікпен несие ала алады,-деді ол. 

Департамент директорының айтуынша, бағдарлама шеңберінде соңғы қарыз алушы үшін несие құны банктің сыйақы мөлшерлемесін субсидиялаумен есептегенде 6 пайызды құраған. 

Бір кәсіпкерді кредиттік қолдау мөлшері 7 млрд теңгеге ұлғайды. Бұрын 2,5 млрд теңге болатын. Айналым қаражатын қаржылай толықтыру айтарлықтай кеңейді. Қазір бұл ШОБ үшін ең маңызды қаражат болып есептеледі. Бағдарлама шеңберінде айналым қаражаты 60 миллионнан 500 миллион теңгеге дейін ұлғайып отыр. Бұл ретте сауда қызметі субъектілерінің айналым қаражатын толықтыру 100 миллион теңгеге дейін жүзеге асырылады,-деді Шыңғыс Ахметов.
Өзгелердің жаңалығы