Тағамға биологиялық белсенді қоспалар – табиғи немесе табиғи сынды биологиялық белсенді заттар, сондай-ақ тамақпен бір мезгілде тұтынуға немесе тамақ өнімдерінің құрамына енгізуге арналған пробиотикалық микроорганизмдер, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ББҚ арнайы тамақ өнімдеріне жатады (яғни олар дәрілік зат емес) және мемлекеттік тіркеуде болуы тиіс. Өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжат мемлекеттік тіркеу туралы куәлік болып табылады.
Мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің болуын Еуразиялық экономикалық комиссияның ресми сайтында мемлекеттік тіркеу туралы куәліктердің бірыңғай тізілімінде тексеруге болады (https://eec.eaeunion.org).
ББҚ-ларды жарнамалау кезінде міндетті түрде келесі ақпаратты қамтуы керек: сауда атауы; құрамына кіретін белсенді компоненттер туралы мәліметтер; қолданудың негізгі көрсеткіштері; қолдану тәсілі мен дозалары; негізгі жанама әсерлері мен қарсы көрсетілімдері; балаларға, жүкті әйелдерге, сондай-ақ емшек сүтімен емізу кезеңіне қатысты ерекше нұсқаулар; жіберу шарттары; қолдануға көрнекі және түсінікті ұсыныс; Қазақстан Республикасында шағымдарды қабылдауға өндіруші уәкілеттік берген тұлғаның атауы, мекенжайы; мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің нөмірі, берілген күні. Әр жағдайда жарнама объектісі дәрілік зат емес екендігі туралы ескертумен бірге жүреді.
Теледидар мен радиоға, интернет-ресурстарға арналған жарнамада мынадай ақпарат болуы тиіс: сауда атауы, негізгі қарсы көрсетілімдер, балаларға, жүкті әйелдерге қатысты, сондай-ақ емшек сүтімен емізу кезеңінде ерекше нұсқаулар, қолдануға көрнекі және түсінікті ұсыным және міндетті түрде мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің нөмірі және берілген күні болуы тиіс.
Әр жағдайда ББҚ жарнамасын ұсынатын нысанда дәрілік зат емес екендігін көрсететін ескертумен бірге жүргені абзал.
Кәсіпкерлік субъектісінде ББҚ-ға мемлекеттік тіркеу туралы куәлік болған кезде ғана сатуға жол беріледі.
Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнаманың, сондай-ақ техникалық регламенттердің талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.