Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында депутат Мұрат Бақтиярұлы вице-премьер Ералы Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалында білім саласындағы өзекті мәселелерді көтерді.
Дүниежүзілік банктің зерттеуіне қарағанда, қазір елімізде адам капиталы индексі бар-жоғы 63% ғана. Бұл индекс бала туылғаннан бастап 18 жасқа дейінгі қалыптастырылуы тиіс оқушылардың қабілеттері мен дағдыларының жиынтығы. Біздің білім жүйесі осылардың 63 пайызын ғана көрсетіп отыр. Бұл білім саласына қыруар қаржы бөлінгенімен көптеген білім алушының алған білімі біліктілікке айналмай жатқанын көрсетеді, - деп түсіндірді сенатор Мұрат Бақтиярұлы.
Айтуынша, бізде білім берудегі теңсіздік пен алшақтық қаржыландыру саласында да, қала мен ауыл мектептерінің арасында да айтарлықтай үлкен.
Мысалы, Назарбаев зияткерлік мектебі мен қарапайым мектеп арасындағы қаржыландыру айырмашылығы 6 есе болса, еліміздегі оқушылардың 44%-ын құрайтын ауыл мектептеріндегі оқушыларға НЗМ оқушысының білім деңгейіне жетіп алу үшін 6 жыл уақыт керек, - деп айтты ол.
Сенатор бұған дейін білім беру жүйесіне енгізілген реформаларды сынға алып, орта мектептегі білім мәселесін көтерген болатын. Сенатор жас ұрпақтың маман ретінде қалыптасуына кімде жауапты екенін де айтты.