Білім және ғылым вице-министрі алғаш рет жұмысқа қалай орналасқанын айтты

30 Қараша 2021, 18:02
2179
Бөлісу:
Білім және ғылым вице-министрі алғаш рет жұмысқа қалай орналасқанын айтты
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрі Қуаныш Ерғалиев – «Болашақ» бағдарламасының  екі мәрте стипендиаты. Бағдарлама конкурсына қалай қатысқаны туралы, алғаш рет жұмысқа қалай орналасқаны жайлы ол BAQ.KZ ақпарат агенттігіне берген эксклюзивті сұхбатында айтты.

2007 жылы алғаш рет шетелге оқуға түсерде «Болашақ» бағдарламасының конкурсына қатысып, бағымды сынадым. Конкурстық комиссия мүшелерімен сұхбат барысында не үшін шетелге оқуға барғым келетіні туралы айтып бердім. Қостанай облысындағы ауылдан келген бала екенімді, медицина саласы бойынша оқығым келетінін жеткіздім. Конкурстан шыққанда мен өте алмайтын шығармын деп ойлаған едім. Алайда жақсы хабар келгенде бұл бағдарлама арқылы қарапайым отбасынан шыққан балалар да оқи алады деген ой келді. Шынында да, бұл бағдарлама мемлекетіміздің, елбасының қолдауымен жастарға берілген жақсы мүмкіндік, - деді ол.  

Вице-министрдің айтуынша, ол АҚШ-тағы Тулейн университетінде магистратура бойынша оқыған кезінде «Денсаулық сақтау саласында IT-жүйелерді қолдану» тақырыбы бойынша диссертациялық жұмысын сәтті қорғап шыққан. Оқу бітіріп келген соң елордада жұмыс іздеп, бірден таба қоймағанын айтты. 

2009 жылы магистратура бітіріп, интернет арқылы жұмыс іздей бастадым. Бос орындар туралы ешқандай ақпарат таппадым. Ол кезде халықаралық бағдарламалар орталығында түлектерді жұмыспен қамтамасыз ету қызметі көрсетілмеді. «Хабар» телеарнасынан денсаулық сақтау саласы бойынша квазимемлекеттік мекеме ашылып жатқаны туралы естіп, мекеменің мекенжайын тауып алдым. Кейін сол мекемеде 1 ай тегін іс-тәжірибеден өттім, бірақ достарымның кеңесімен басқа мемлекеттік мекемеге жұмысқа орналастым. Содан бері 10-12 жылда көп дүние өзгергенін байқадым, қазір оқу бітіріп келген түлектерге жұмыс табу әлдеқайда жеңіл. Халықаралық бағдарламалар орталығы қазір түлектерді жұмысқа орналастырумен де айналысатыны қуантарлық жайт, - деп жастық шағын еске алды ол.  

Сөз соңында Қуаныш Ерғалиев қазақстандықтарды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтап, жастарға ізгі тілегін білдірді. 

Қазақстандық жастарға өз мемлекетіне лайықты тұлға ретінде қалыптасып, білім және ғылым шыңын бағындыруға, халыққа адал қызмет етуге шақырамын әрі тілектеспін, - деп қорытындылады вице-министр.

Өзгелердің жаңалығы