Білім сапасын арттыру жолында сенімді қадамдар жасалуда – министр

Бүгiн, 20:00
1600
Бөлісу:
Білім сапасын арттыру жолында сенімді қадамдар жасалуда – министр
Фото: Оқу ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Мектептегі білімнің сапасын бағалаудың ұлттық жүйесі RCEC халықаралық сапа белгісін алды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Білім алушылардың білім жетістіктерін мониторингілеу ұлттық құралы (ББЖМ) халықаралық аккредитациядан өтті. Бүгін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Халықаралық сараптама және сертификаттау ғылыми-зерттеу орталығының (RCEC) директоры Арнольд Брауердің кездесуі өтті.

ББЖМ - оқушылардың білім сапасын, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын (МЖМБС) меңгеру деңгейін айқындайтын ұлттық құрал болып табылады. 2023-2024 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі ББЖМ халықаралық аккредиттеу процесіне бастамашылық етті.

Ғани Бейсембаевтың айтуынша, ББЖМ ұлттық құралының халықаралық аккредитациядан өтуі оның сенімділігін, шынайылығын және халықаралық сапа стандарттарына сәйкестігін растайды. ББЖМ-нің барлық кезеңдері мен процедуралары PISA, TIMSS және PIRLS сияқты белгілі зерттеулерде қолданылатын ғылыми тәсілдерге негізделген.

Қазақстан білім сапасын арттыру жолында сенімді қадамдар жасауда. ББЖМ-нің халықаралық танылуы – озық тәсілдер мен стандарттарды енгізуге бағытталған бағдарымыздың дұрыстығын дәлелдейді. Біз уақыттың сын-қатерлеріне төтеп бере алатын және жаһандық білім беру қауымдастығына сәтті интеграциялануға қабілетті жүйе құрудамыз. Бұл жетістік білім сапасын одан әрі арттыруда маңызды кезең болатынына сенімдіміз, – деді министр.

Білім сапасын арттыру жолында сенімді қадамдар жасалуда – министр

Халықаралық сараптама және сертификаттау ғылыми-зерттеу орталығының (RCEC) директоры Арнольд Брауер атап өткендей, Қазақстанның ұлттық бағалау жүйесі Орталық Азия аймағындағы бірлескен бағалау жобаларының негізі немесе бір бөлігі бола алады.

Қазақстандық білім беру жүйесі қазірдің өзінде жақсы нәтиже көрсетуде. Ынтымақтастықтың екі жылында ББЖМ аккредитациясының 7 кезеңі жүзеге асырылды, олар бағалау жүйесін әзірлеуді, тест сұрақтарының базасын құруды, барлық қатысушылар үшін нұсқаулық әзірлеуді, цифрлық платформада тестілеуді әкімшілендіруді, халықаралық стандарттарға сәйкес нәтижелерді талдауды қамтиды. Бұл білімді бағалау жүйесін дамытудағы маңызды қадам, – деп атап өтті Арнольд Брауер.

Еске салайық, ББЖМ – мектеп оқушыларының білім сапасын зерделейтін қазақстандық ұлттық зерттеу, ол оқу-тәрбие процесіндегі күшті және әлсіз тұстарды анықтауға мүмкіндік береді. Оның түпкі нәтижесі – білім сапасын арттыру үшін әр өңірге кешенді талдау жасай отырып, әдістемелік ұсыныстар әзірлеу болып табылады.

Өзгелердің жаңалығы