Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов Мәжілістің жалпы отырысында білім саласында қолға алынған шаралар туралы айтып берді.
Премьер-министрдің орынбасары атап өткендей, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін 1000 мектеп салынады.
Бұл үш ауысымды және апатты мектептер проблемасын шешуге және демографиялық өсімнен туындайтын оқушы орындарына тапшылықты жоюға бағытталған. Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын жою үшін мектептерді модернизациялау жалғасып жатыр, - деді ол.
Сөзінше, 2025 жылға қарай сұранысқа ие мамандықтар бойынша колледжде білім алу 100% тегін болады.
Ал жоғары оқу орындарына берілетін гранттар саны 75 мыңға дейін ұлғайтылады. Оның ішінде техникалық және ІТ салаларға гранттар 60%-ға дейін өседі.
Сонымен қатар экономикаға нақты қажетті кадрлар даярлауға басымдық беріледі. Бүгінде тәжірибесі және таңдаған мамандығына сұраныстың аздығынан жастардың жұмысқа орналасу мүмкіндігі шектеліп отыр. Бұл мәселені өздеріңіз де көтеріп жүрсіздер, - деп айтты Ералы Тоғжанов Мәжілістің жалпы отырысында.