Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Осындай адамдардың бар екендігі жайлы жылда айтылады. Бала оқуға түспей қалса ақшасын қайтарып береді, егер түссе мен көмектестім дейтін көрінеді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова брифинг кезінде айтты.
Оның айтуынша, ҰБТ-ның жауабы мемлекеттік құпияның қатарына заңды түрде енгізілген. Егерде ҰБТ-ның жауаптарын сатып жүрген адамдар болса заң алдында жауап береді. Қылмыстық іс қозғалады.«Егер мұндай жағдай орын алатын болса біз оны құқыққорғау органдарына береміз. ҰБТ-ның жауабы ешкімнің қолында жоқ. Ол біреудің қолында болуы мүмкін емес. Балалардың сканерден өткен жауабы бізге келіп түседі және осындағы орталықта ғана ашылады», - деді министр.
Сонымен қатар ол, халық сақ болу керек екенін, ҰБТ жауаптарын сатамын деп ақша табатын алаяқтардың да кездесетінін жеткізді.
«Мен Назарбаев зияткерлік мектебінде жұмыс істегенімді білесіздер. Осындай адамдардың бар екендігі жайлы жылда айтылады. Бала оқуға түспей қалса, ақшасын қайтарып береді, егер түссе мен көмектестім дейтін көрінеді. Шын мәнінде ол мүмкін емес. Бізде кітапша шығаратын жерлердің барлығы камераның астында тұр. Камералар 1 секундқа да тоқтамайды. Сондықтан халық ҰБТ жауабын сатқыштарға алданбай, балалардың өзі дайындалғаны дұрыс болады», - деді ол.
Ал, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Сұханбердиева мұндай қауесеттің көп жағдайда дәлелденбей жататындығын жеткізді.
«ҰБТ жауаптары өте құпия болып келеді. Сондықтан балаларға арналған нақты жауаптар қазір жоқ. Мектепте балалар не өтеді, соның айналасындағы ұқсас сұрақтар қойылады. Бірақ ҰБТ кезіндегі сұрақтардың нақты жауаптарын ешкім білмейді. Осыған дейін ҰБТ жауабы деп сатып жүргендер ұсталып 4 қылмыстық іс қозғалған болатын. Жауаптар сатылып жатыр деген мәселенің көбі дәлелденген жоқ. Сондықтан ҰБТ жауаптарын сататындар болса бізге нақты қай облыс, қай ауданнан екенін және аты-жөнімен айтса», - деген ойын білдірді вице-министр.
Бұған дейін Күләш Шәмшидинова 1 маусымнан бастап қай санаттағы мұғалімдердің жалақысы көтерілетінін айтқан болатын. Сонымен қатар министр еліміздегі мектептердің инфрақұрылым мәселесін сөз етіп, мектеп жетіспеушілігі проблемасын шешу үшін алдағы үш жылда 190 жаңа мектеп салынатындығын жеткізді.
Сондай-ақ, Шәмшидинова мектеп бітіру кештері бұрынғы форматта, мектеп қабырғасында өткізілуі тиіс деп атап өтті.