Білім мен біліктілігімізді ұштадық - академия түлегі

29 Маусым 2023, 19:45
1237
Бөлісу:
Білім мен біліктілігімізді ұштадық - академия түлегі

ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлектеріне салтанатты түрде диплом табыстау рәсімі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2022-2023 оқу жылында Академияны 8 докторант және магистратура бағдарламаларының 162 түлегі дипломын сәтті қорғады. Бұл туралы ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының баспасөз қызметі жазды.

Шарада дәстүр бойынша Академия ректоры Ерлан Әбіл түлектерді құттықтап, жылы лебізін білдірді.

Өзгермелі заман талаптарына сәйкес білімді, кәсіби құзыреттілігі мол, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау мақсатында Академия өз тарапынан ауқымды жұмыстар жүргізуде. Академия қабырғасында алған білімдеріңізбен еліміздің өркендеп-дамуына елеулі үлес қосып, мемлекеттік басқару саласының білікті маманы болатындарыңызға, Академия түлегі мәртебесін биік ұстайтындарыңызға сеніміміз мол, – деді ректор.

Білім мен біліктілігімізді ұштадық - академия түлегі

Биыл Басқару институтының 4 магистранты Академия мен Финляндияның Сейняйоки қолданбалы ғылымдар университеті арасындағы келісім бойынша қосдипломды бағдарлама аясында білім алып келді.

Салтанатты шарада Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебін тәмамдаған Біржан Әлімжанов Академияға алғысын білдірді.

Мемлекеттік басқару академиясының табалдырығын аттаған сәтте, барлығымызда ортақ мақсат пайда болды, ол – білім мен біліктілігімізді ұштау, абыроймен оқуды аяқтау. Көзді ашып жұмғанша бізге берілген уақыт аяқталды, мақсатымыздың іске асуына бір ғана қадам қалды. Әрбір түлекке алған білімдерін халық игілігіне, пайдасына жаратуына тілектеспін. Қазақтың қамын жеу, мұң-мұқтажын түгендеу, бауырға басқан әрбір баласының лайықты өмір сүруіне жағдай жасау біздің – қатардағы мемлекеттік қызметшілердің, жаңа буын басшыларының асыл мұраты. Академияда оқумен қатар, күнделікті күйбең, арпалыс тіршілікте бағасына жете бермейтін – риясыз достық, шынайылық, адалдық, қарапайымдылық секілді адами құндылықтардың мәнімен қайта қауыштық. Теңеумен айтсам, Академия біз үшін мемлекеттік қызмет деп аталатын алпауыт мұхитта кездескен – тыныштық аралы, – деді түлек.

Салтанатты шараға ҚР Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік басқару бөлімінің меңгерушісі Альтаир Ахметов, ҚР Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат және халықаралық байланыстар бөлімінің меңгерушісі Дәулетбек Құсайынов, ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімінің меңгерушісі Руслан Тұрғаналы, Финляндияның Қазақстан Республикасындағы Елшісі Сойли Мякеляйнен-Буханист, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев, Астана хабының Мемлекеттік қызмет саласындағы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов, ҚР Үкіметі Аппараты Басшысының орынбасары Асқар Биахметов, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Дания Еспаева, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты Ерсұлтан Бектұрғанов қатысты.

Өзгелердің жаңалығы