«Білім грантын көбейтеміз, бірақ оны игере алмаймыз». Депутат білім министрлігін сынады

21 Қазан 2019, 10:55
7636
Бөлісу:
«Білім грантын көбейтеміз, бірақ оны игере алмаймыз». Депутат білім министрлігін сынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Парламент Мәжілісінде білім беруді және ғылымды дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының алдын ала қорытындылары баяндалды. Осы орайда Мәжіліс вице-спикері Гүлмира Исимбаева білім гранттарының саны көбейгенімен игерілмей жатқанын айтты.   

«Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру сапасы бойынша жыл сайын гранттар саны артып келеді. Мәселен биыл мемлекеттік тапсырыс 3167 орынға көбейіп, 70 мың орын болды. Алайда 3000 астам грант бөлінбеді. Сонда үш мыңға грантты көбейтіп отырмыз, үш мың грантты игере алмай отырмыз. Сонда гранттарды көбейту негізсіз болғаны ма?» - деп сұрады Исимбаева.

Вице-спикер депутаттар бірнеше рет сауал жолдаған «Серпін» жобасы бойынша белгіленген орынның 50%-дан астамы, магистратура бойынша 20%-дан астамы бөлінбегенін айта кетті. Жаратылыстану ғылымы циклы бойынша ағылшын тілін меңгерген мұғалімдер даярлау үшін бөлінген орындардың 50% астамы игерілмеген. Исимбаева мұны мыңдаған жастардың грантқа ие болмағанын, екіншіден жүздеген миллион қаражаттың тиімсіз пайдаланғанын көрсететінін айтты. 

Спикер техникалық және кәсіптік білім беру көрсеткіштеріне тоқталды. 

«Жоспарланған индикатор мен көрсеткіш бір қарағанда орындалған сияқты. Баршаға арналған тегін кәсіптік және техникалық білім жобасының арқасында мемлекеттік тапсырыс негізінде колледжде оқитындар саны біршама артты. Алайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторлармен кездесуінде қазақстандық жұмыс берушілердің 70%-ы колледж түлектерінің кәсіптік дағдыларына қанағаттанбайды деп атап өтті. Оның себептерінің бірі дуалды оқыту тиісті деңгейде дамымағандығы. Бағдаралмаға сәйкес дуалды оқытумен қамтылған колледжер саны өскенімен колледж студенттерін дуалды оқытумен қамту деңгейі әлі де төмен, 19,8%. Ал дуалды оқытудың негізгі міндеттері – студенттердің кәсіптік деңгейі мен практикаға бағдарлану дәрежесін арттыру», - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, Мәжіліс вице-спикері Гүлмира Исимбаева еліміздегі апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектеп мәселелеріне де тоқталған болатын.

Өзгелердің жаңалығы