Білім беру терминологиясының 2025 жылға дейінгі жоспары таныстырылды

11 Сәуір 2019, 12:30
3542
Бөлісу:
Білім беру терминологиясының 2025 жылға дейінгі жоспары таныстырылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Білім және ғылым министрлігі, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Ерден Қажыбек еліміздегі терминология саласын дамытудың тетіктерін атап өтті.

«Термин дегеніміз, арыстарша айтсақ, «пән сөзі» – ғылым тілі, экономика мен даму тетігі, өндіріс пен кез келген шаруашылықтың негізі, мамандықтың белгісі, инновация кепілі. Терминсіз кәсіп жоқ, кәсіпсіз нәсіп жоқ. Мемлекеттік тілдің қазіргі қоғамымыздағы орны туралы ең жоғары мінберлерден аз айтылған жоқ. Мемлекеттік тіл деген ұғым – салалық терминдердің қолданысы екені даусыз» - дейді ол.

Сонымен қатар ол халықаралық тәжірибеге жүгінсек, терминологиялық бағыттардың ұзын саны 120-дан асатынын айтты.

«Ішінара іріктеу және кейбір салаларды біріктіру нәтижесінде былтыр Білім және ғылым министрлігінің арнайы шешімі бойынша елімізде алғаш рет 50 терминологиялық секция жасақталды. Әр нақты бағытқа тиесілі кемінде 10 мың терминдік бірлік керек екен. Бұл ғалымдардың есептеуінше нақты саланың ұлттық тілде еркін дамуы үшін қажетті минимумдық мөлшер. Он мыңнан көп те, он бес - жиырма мың болуы мүмкін. Одан аз болған жағдайда – ғылым бағытының барлық қыр-сыры, егжей-тегжейлі сипаттары, жан-жақты қасиеттері мен тармақтары толық қамтылуы екіталай болып есептеледі, іске асуы қиын іс. Олай болса 50 өндіріс пен ғылым бағыты елімізде толыққанды жұмыс істеуі үшін, дәлірек айтсақ, мемлекеттік тіліміздің Қазақстанда кең етек жаюы үшін – бізге кемінде 500 мың термин керек екені дау тудырмайтын шындық» - дейді Ерден Қажыбек.

Олай болса, күні бүгінге дейін ресми бекіткен термин санымыз әлі де отыз-ақ мыңның әрі-бері жағында екенін ескерсек және бұған қоса қазақ сөзжасамдық модельдеріне кереғар тәсілдермен жасалғандықтарды айтсақ, онда, бүгінгі мемлекеттік тілімізді дамыту үшін көптеген қордаланған проблемалары бізді күтіп тұрғанын мойындауымыз абзал.

«Солардың ішінде, ең бірінші кезек күттірмейтін іс – терминологиялық секцияларымызды дәстүрлі ғылым тармақтарына сәйкес классификациялау болып табылады. Бұл тұрғыдан келгенде, басты назар аударатын және ведомствоаралық ауқымда күш жұмылдыруды қажет ететін маңызды бастаманы – «Ұлттық терминологиялық қорды қалыптастыру және терминдерді латын графикасына көшіру жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік Бағдарламаны» уақтылы және сапалы іске асыру қажет екенін баса айту қажет» - дейді ол

Сонымен қатар ол бұл жұмыстардың жоспар бойынша кезең-кезеңімен, төменнен жоғарыға қарай қолға алыну шарт екенін айтады.

«Жұмыс жоспарымызды атап айтсақ, 2020 жылы бастауыш білім беру терминологиясының латын графикасына негізделген және 1-4 сыныптарға арналған біріздендірілген  терминологиялық сөздікті әзірлеуіміз қажет. 2021 жылы 5-9 сыныптар үшін негізгі білім беру терминқоры анықталады. 2022 жылы  орта және кәсіптік білім беруде қолданылатын 10-11 сыныптар үшін сөздік сериясы даярланады. 2023 жылы қоғамдық және әлеуметтік ғылымы бойынша 20 салалық терминологиялық сөздік бітеді. 2024 жылы техника ғылымдары бойынша 15 салалық терминологиялық сөздік аяқталады және 2025 жылы жаратылыстану ғылымына арналған 15 томды әзірлеу жоспарлануда» - деді ғалым.

Парламент Мәжілісінде баяндама жасаған ғалым термин жасамда қазіргі заманауи артықшылықтарды да пайдалану керектігін айтты.

«Міндетті түрде бүгінгі заманның артықшылықтары – ғаламтор арқылы түрлі форматтағы онлайн басқосуларды ұйымдастыру, сұрақ-жауап жүйелерді қалыптастыру, автоматтандырылған ұсыныстарды қабылдау тәртібі, мамандарарасы үйлестіру жұмыстары – бұлардың бәрі порталдық мүмкіндіктері арқыры іске аспақ. Сондай-ақ, осы сәтті пайдаланып, жоғарыдағы көтерілген мәселелер ауқымы бір-екі министрліктің емес, мемлекеттік деңгейде іске асырылу қажеттігін тағы атап өткен жөн деп санаймыз» - деді ол.

Аталмыш бағдарлама аясындағы ауқымды үйлестіру-ұйымдастыру жұмысы мемлекеттік органдардың көптеген жетекші салаларымен, ҒЗИ, университеттермен, сондай-ақ мемлекет жүз пайыз қатысатын холдингтер, корпорациялар мен акционерлік қоғамдарды қоса алғанда, ұлттық кәсіпорындармен жұмыс істеуді қажет етеді. 

«Түптеп келгенде, 50 бағыт бойынша ұлттық термин дерекқоры мақұлдау, талқылау және сараптау кезеңдерінен өтіп, Терминком жиналысында бекітілген жағдайда, қаншама жылдар бойы шешімін таппаған мемлекеттік маңызы орасан зор міндет орындалары ақиқат» - дейді ғалым.
Өзгелердің жаңалығы