Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы білім басқармасының басшысына сөгіс жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Өңірдегі колледждердің материалдық жағдайы өте төмен, білім сапасын тексеру керек» деген әкім бүгін аппараттық жиында өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға қатысты жұмыстардың сапасына сын тақты.
Белгілі болғандай, колледждердің биыл жалпы бюджеті 4.2 млрд теңгені құраған. Өңір басшысының айтуынша, қаражат жұмсалғаннан кейін, түлектердің сапалы маман болып шығуы маңызды, алайда ол білім ошақтарын бітірген азаматтардың басым көпшілігі мамандық бойынша жұмыс істемейді. Бұл ретте Берік Әбдіғалиұлы түлектердің өз саласы бойынша жұмыспен қамтылуын қадағалау үшін тәуелсіз сараптама қажет екенін айтты.
Колледждердегі білім беру ісі – біздің өңірде маңызды әрі проблемасы көп сала. Статистика бойынша түлектердің 70%-ы жұмыспен қамтылды делінгенімен, нақты жүргізілген зерттеу жоқ. «Атамекен» ҰКП Республика көлемінде сараптама жасайды, ол біздің облыста да жүргізілуі қажет. Аз мерзім ішінде түрлі курстардың арқасында меңгеруге болатын салаға студенттің 2 жыл 10 ай уақытын жұмсамай, облысқа нақты қажетті мамандықтардың оқу бағдарламаларын іске қосу керек, - деді өңір басшысы.
Баяндама жасаған білім басқармасының басшысы Сапура Төлекованың айтуынша, облыста жаңадан ашылатын кәсіпорындарға қажетті мамандар даярлау үшін Ғ.Жарылғапов атындағы аграрлық колледжінде «Ет және ет өнімдерін өндіру», «Сүт және сүт өнімдерін өндіру» мамандықтарын ашу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар облыс әкімі Ұлытау облысы білім басқармасының басшысы Сапура Төлековаға сөгіс жариялады.
Белгілі болғандай, Жезқазған Тау-кен металлургиялық колледжі жатақханасының құрылыс жұмыстары 1.5 жыл бойы созылған, әрі әлі де аяқталмаған. Бұдан бөлек табиғи апат салдарынан шатыры ұшып кеткен музыкалық колледждің төбесіне жасалатын жөндеу жұмыстарының конкурсы дұрыс жүргізілмеген.