«БІЛІМ ALL» — берері көп жоба

14 Ақпан 2023, 20:21
3841
Бөлісу:
«БІЛІМ ALL» — берері көп жоба
Фото: автордан

Ақтөбе облысында жүзеге асырылып жатқан «БІЛІМ ALL» жобасы аясында өңірдің үздік ұстаздары бір уақытта 120 шағын жинақты мектептің оқушыларына сабақ беріп жатыр, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Еліміз бойынша тұңғыш рет шағын жинақты мектептердегі білім сапасын көтеру, ауыл-аймақтардағы оқушыларға жан-жақты білім беру мақсатында жүзеге асырылып жатқан өңірлік жобаға биылғы оқу жылында он мыңнан астам бала қатысып жатыр. Аталған жоба маусым айына дейін жалғасады. Оқушылардың білім нәтижесіне қарай жобаның да «болашағы» айқындалмақ.

Ақтөбе облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Құлыбекованың айтуынша, 

балалар үшін тең мүмкіндікті қамтамасыз етуге арналған жобаның берері мол.

Қазір аталған жобаға 10 мыңнан астам оқушысы бар 120 мектеп қатысып жатыр. Аталған білім беру орындарына облыстағы жетекші он мектептің, атап айтсақ, Ақтөбе облыстық дарынды жасөсіпірімдерге арналған мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернаты, Мақсот Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернаты, Ақтөбе облыстық мамандандырылған физика-математикалық лицей-интернаты, Ақтөбе қаласындағы Әл-Фараби атындағы  №21 мамандандырылған гимназия, №51 орта мектеп, №2 орта мектеп, №23 орта мектеп, №56 орта мектеп,  Хромтау қаласындағы №3 орта мектеп және Хромтау қаласындағы №6 гимназияның 35 үздік ұстазы математика, физика, химия, биология,  ағылшын тілі пәндерінен онлайн режимде дәріс оқып, білім беріп жатыр, — дейді бөлім басшысы.

Қазіргі таңда Ақтөбе облысында жалпы саны 424 мектеп болса, оның 281-і ауылдарда орналасқан. Яғни, білім беру ұйымдарының 66 пайызы елді мекендерде шоғырланған. Оларда жалпы саны 46 мыңға жуық бала оқиды. 281 мектептің 204-і — шағын жинақты мектеп. 

Ауыл балаларына сабақ беріп жатқан он жетекші мектептің бірі — Ақтөбе облыстық мамандандырылған физика-математикалық лицей-интернаты. 

«БІЛІМ ALL» жобасы аясында мектебімізде 6 мұғалім жұмыс жасап жатыр. Оның үшеуі — математика пәнінің мұғалімі, екеуі — физика пәнінің мұғалімі, біреуі — химия пәнінің мұғалімі. Ұстаздардың барлығы — тәжірибелі, еңбек өтілі жоғары, педагог-мастер, зерттеуші мұғалімдер. Ұстаздар математика пәнінен 6, 8, 10-сыныпқа, физикадан 10-11-сыныпқа, химиядан 7-сыныпқа аудандарда орналасқан шағын жинақталған 120 мектепке сабақ беріп жатыр. Пән мұғалімдері арнайы график бойынша дәріс береді. Сабақ уақыты 30-45 минут аралығында өтеді. Алдымен дәрісті біздің мектептің ұстаздары жүргізсе, әрі қарай сабақты аудандағы білім беру орнындағы модератор-мұғалімдер жалғастырады. Біздің мұғалімдеріміз ауыл оқушыларымен бірге есеп шығарады, кері байланысқа шығып, тапсырмалар береді. Бұл жобаға мектебімізде арнайы кабинет бөлінді, жұмыс жасауға толық мүмкіндік бар. Мысалы, 10-сыныпқа математика пәнінен 5-сабаққа виртуалды мұғалім қосылады, оған барлық 120 мектептің оқушысы қатысады, — дейді Ақтөбе облыстық мамандандырылған физика-математикалық лицей-интернатының директоры Қаракөз Тлеумағамбетова.

Лицей-интернаты директорының айтуынша, «БІЛІМ ALL» өңірлік жобасының ұстаздарға да, оқушыларға да берері мол. Бұл жобаның нәтижесі жыл аяғында белгілі болмақ. Ал аталған лицей-интернатында қазір 247 оқушы білім алып жатыр. Оларға 38 мұғалім, 11 тәрбиеші білім мен тәрбие береді. Мұнда балалар 6-сыныптан бастап қабылданады.

Облыста «БІЛІМ ALL» жобасына қатысып жатқан мектептердің бірі — Ахмет Байтұрсынов атындағы шағын жинақты орта мектеп. Бұл мектеп Алға ауданы Самбай ауылында орналасқан. Аталған мектепте барлығы 132 оқушы оқиды, 31 мұғалім жұмыс істейді. 31 мұғалімнің ішінде санаты бойынша 4 педагог-зерттеуші ,7 педагог-сарапшы, 9 педагог- модератор оқушыларға дәріс береді.

 Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектеп 1988 жылы қолданысқа берілген. Қазақтың белгілі ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлы 1895-1897 жылдары Орынбордағы  мұғалімдер даярлайтын мектепті аяқтағаннан кейін Батпақты болыстық ауыл мектебіне шақырылып,  мұғалімдік қызмет атқарған. Ұлы ұстазымыз Ахмет өзінің ұстаздық еңбек жолын алғаш осы Қарағаш ауылында шағын мектептің мұғалімі қызметінен бастаған. Ауылдың көнекөз қарияларының айтуынша, филология ғылымдарының докторы Рабиға Сыздықованың, сонымен қатар қызы Шолпанның деректеріне сүйенсек, мектебімізге 1990 жылдың 27 ақпанында аудандық атқару комитетінің шешімімен Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілген. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар қазіргі білім берудегі қажеттілік көзі болып табылғандықтан мектеп интернет желісімен толық қамтамасыз етілген. Желі түрі — ADSL. Интернет жылдамдығы – 100 мбит/сек.  Жаңа модификациядағы химия, физика, биология, информатика кабинеттері бар. Биылғы оқу жылында аталған кабинеттер жаңа құралдармен жабдықталды, — дейді А.Байтұрсынов атындағы орта мектебінің директоры Анар Оразова.

Оның айтуынша, Алға ауданы бойынша  пилоттық жобаға 13 шағын жинақты мектептің

6-11 класс оқушылары мен модератор-мұғалімдері қатысуда.

Қазір оқушыларымызға облыс орталығындағы үздік он жетекші мектептің мұғалімдері  математика, физика, химия, био­ло­гия, ағылшын тілі пәндері бойын­ша онлайн-сабақтар өткізіп жатыр. Мектебіміздің ұстаздары облыстың білікті мамандарымен тәжірибе алмасып, оқушыларымыздың сабаққа деген қызығушылығы арта түсті. Жалпы бұл жобаның бізге берері көп. Пилоттық жоба өңірімізде жақсы нәтиже көрсетеді деп сенеміз, — дейді мектеп басшысы.

Ал осы мектептің химия пәнінің мұғалімі Амангүл Төреханқызы оқушылар өз білімдерін тереңдендіріп, виртуалды мұғалімдерден көп тың мәліметтер алып жатқанын айтады.

«БІЛІМ AII» жобасы аясында ұстаздар оқушыларға химия пәнінен онлайн сабақ барысында тақырыптарды  тереңірек түсіндіріп жатыр. Тіпті, ережелерді жеке-жеке мысалдармен жеткізіп, оқушыларға соған сай тапсырмалар берілуде. Зертханалық жұмыстар да виртуалды түрде көрсетіледі. Жалпы жас маман ретінде осындай жобаға қатысып, оқушыларға жан-жақты білім беріп жатқан ұстаздарға алғысымды айтамын, — дейді жас ұстаз.

Мектеп директорының айтуынша, биылғы оқу жылының І тоқсанында мектеп оқушыларының білім сапасы 57 пайыз болса, аталған жоба іске асырылғаннан кейін білім сапасы 60 пайызға көтерілген. 

Өзгелердің жаңалығы