"Билет қымбаттап кетті": Авиакомпанияларға берілген салық жеңілдігі жойылуы мүмкін

Депутат Үкіметтен Салық кодексіне қайта өзгеріс енгізуді талап етті.

Бүгiн 2026, 10:10
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов Бүгiн 2026, 10:10
Бүгiн 2026, 10:10
197
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Мәжілісте Салық кодексіне қатысты қызу пікірталас өтті. Бақытжан Базарбек авиаотынға қосылған құн салығы бойынша берілген жеңілдіктердің күткен нәтижені бермегенін айтып, Үкіметті сынға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат Қаржы бірінші вице-министрі Азамат Әмрин жұмыс тобы кезінде 6 айдан кейін Салық кодексінің әсеріне талдау жасалып, қажет болса түзетулер енгізілетінін айтқанын еске салды.

Сіздер сол кезде: “2026 жылдың қаңтарынан бастап Салық кодексі күшіне енеді, мамыр-маусым айларында талдау нәтижелерімен келеміз” деген едіңіздер. Бірақ әзірге ешқандай талдау да, түзету де көрген жоқпыз. Ал қазір бір жыл қажет деп айтып отырсыздар, – деді Бақытжан Базарбек.

Ол Салық кодексі аясында ҚҚС төлеуі тиіс кейбір субъектілер салықтан босатылып, керісінше жеңілдік қажет азаматтарға қосымша салмақ түскенін айтты.

Депутат авиаотынға қатысты жағдайды мысалға келтірді.

Сіздер авиаотынды ҚҚС-тан босатып, бұл әуе билеттерінің арзандауына әсер етеді дедіңіздер. Бірақ билеттер арзандамақ түгілі, қымбаттап кетті. Ал әуе компаниялары бұрын авиаотын үшін төлеп келген қаражатты өздерінде қалдырды. Бұл аз ақша емес, билет құнының шамамен 60-70 пайызы, – деді ол.

Осыған байланысты Бақытжан Базарбек Ұлттық экономика министрлігі Салық кодексіне қайта оралып, қосымша түзетулер пакетін енгізуі керек деген пікір білдірді.

Өз кезегінде Азамат Әмрин депутат көтерген мәселенің орынды екенін айтты.

Авиаотынға қатысты ҚҚС нормасын алып тастаған кезде негізгі мақсаттардың бірі әуе билеттерінің бағасын төмендету болған. Мұны жауапты салалық мемлекеттік орган ұсынған еді, – деді вице-министр.

Оның айтуынша, жаңа Салық кодексінде 2027 жылдан бастап салықтық шығыстар туралы есепті республикалық бюджетпен бірге жыл сайын Парламентке ұсыну қарастырылған.

Сол есеп аясында берілген жеңілдіктердің тиімділігіне тұрақты түрде талдау жүргіземіз. Бұл мәселені бақылауға аламыз. Қажет болса, аталған жеңілдікті алып тастау бастамасы да көтерілуі мүмкін, – деді Азамат Әмрин.

Сонымен қатар ол жұмыс тобы кезінде айтылған алты айлық мониторинг туралы сөзінен бас тартпайтынын жеткізді.

Неліктен 6 ай дедік? Себебі оңайлатылған декларация бойынша салық кезеңі – 6 ай. Төлем мерзімі – 25 тамыз. Сондықтан талдау осы төлемдер негізінде жүргізіледі, – деп түсіндірді Азамат Әмрин.

Наверх