Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов су тасқыны проблемаларын біле тұра, ешқандай шара қабылдамайтын әкімдерді сынады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өңір әкімдері қарды, әсіресе ауылдық жерлерде уақытылы шығару үшін шаралар қабылдауы қажет. Айта кету керек, елді-мекендердің көшелерін су басып қалу және бірқатар өңірлерде жолдарды шайып кету фактілері қазірдің өзінде тіркеліп отыр. Жалпы, 217 елді-мекенде тасқын қаупі сақталып отыр, - деді ол.
Премьер-министр атап өткендей, мұндай проблема елді-мекендердің көпшілігінде жылдан-жылға қайталанып келеді.
Мысалы, Қостанай облысындағы Қарамырза ауылы соңғы 4 жыл бойы қар суының құрсауынан шыға алмай отыр. Биыл да елді-мекенге қауіп төніп отыр. Жолдардың су басып қалуына байланысты Ақмола облысында Ягодное, Қостанай облысында Екідің, Ақтөбе облысындағы Оймауыт, Жарық, Өтек және Құмтоғай ауылдарымен жыл сайын қатынас үзіліп қалады. Әкімдіктер бұл проблемаларды біле тұра, ешқандай шара қабылдамайды. Біраз шаруа әкімдіктердің нақты жұмысына байланысты, - деді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ арықтарды, жауын-шашын кәріздерін уақтылы тазарту, уақытша бөгеттер салу және елді-мекендерде топырақ үйінділерімен бекіту жұмыстарын қамтамасыз етулері қажет.
Жергілікті бюджеттерде болуы ықтимал төтенше жағдайларға арналған қаражат көздеу қажет. Өңір әкімдері су тасқыны мәселелерін жеке бақылауда ұстауы тиіс. Бұл орайда Төтенше жағдайлар министрлігінің үйлестіруші рөлі өте маңызды, - деді Үкімет басшысы отырыста.
Ол атап өткендей, министрлік жыл сайын "Көктем" республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы шеңберінде су тасқыны кезеңіне әзірлік барысын тексереді.
Барлық өңір су тасқынына толық дайынбыз деп баяндайды. Ал сайып келгенде тұрғындар және су басқан ғимараттар мен инфрақұрылым зардап шегеді. Яғни бұл оқу-жаттығулар формалды түрде өткізілетінін, ал дайындық қағаз жүзінде ғана қалатынын көрсетеді. Біз пәрменді шаралар қабылдауымыз қажет. Сондықтан Төтенше жағдайлар министрлігі оқу-жаттығуды өткізу форматын қайта қарауы керек. Ал өңір әкімдіктері су тасқынының барлық себептерін зерделеп, оларға сапалы дайындықты қамтамасыз етуі тиіс, - деп тапсырды ол.