Биыл Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының құрылғанына 50 жыл. Өнер ордасы академиялық театр мәртебесіне әбден лайық, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Олай дейтін себебіміз, құрылғанына жарты ғасыр болған өнер ордасы осы күнге дейін талай белесті артқа тастады. Екі бірдей халық әртісі мен ондаған Еңбек сіңірген қайраткері бар, жүздеген таланттардың ұстаханасына айналды. Алыс-жақын шетелдерде елдің намысын қорғап, бәсекеге қабілетті екенін де көрсетті.

Биыл облыс әкімінің қолдауымен BIKEN FEST ІІІ Халықаралық театр фестивалі өтеді. Бұл дода отандық һәм шетелдік театрлар арасында шығармашылық байланыс нығайтып, өнерге серпін беріп келеді. Оның басында осы өнер ұжымы тұр.
Біз қажетті құжаттардың бәрін дайындап қойдық. Ұсыныс жасайтын орындармен де хабарласып, керекті талаптардың бәрін орындадық. Жалпы біздің театр академиялық театр болуға әбден лайық. Барлық критерий бойынша сай келіп тұр. Биыл сол дәрежеге жетуге асыққан театрлар көп. Бізге бұйырып қалар деп отырмыз, - дейді театр директоры Ерлік Жуасбек.
Оның айтуынша, алдағы уақытта театр режиссері Ержан Қаулановтың сахналауымен «Беу, қыздар-ай» комедиясын жетісулық көрермен назарына ұсынылмақ. Оған қоса жазушы Ғабит Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» драмасын қайта жаңғыртып, жаңа буын әртістермен сахналауды жоспарлап отыр.
Театрдың әр күні менің көз алдымда. Біздің ұжым өңірлік театрлар арасында салмағы ауыр, кәсіби мамандар жиналған үлкен өнер ордасы, - дейді халық әртісі Алмахан Кенжебекова.
Айта кетейік, биыл театрда 40-50 жылдан астам уақыт шеңберінде еңбек еткен тұлғалардың мерейтойы өтеді.