Бигайдаров қандай министрлікте жемқорлық саны артқанын айтты

21 Тамыз 2020, 18:09
1873
Бөлісу:
Бигайдаров қандай министрлікте жемқорлық саны артқанын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 1-департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бигайдаров мәлімдеді. 

Өткен аптада анықталып, сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелген кейбір қылмыстық құқық бұзушылық фактісіне тоқталсақ. Жалпы, өткен аптада сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 70 сотқа дейінгі іс тіркелді. 7 лауазымды тұлға ұсталды. 6 адамға қатысты «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасы орындалды. Жыл басынан бері 100 адам қамауға алынған. Биыл Қорғаныс министрлігі саласында жасалатын жемқорлық саны артқан, - деді ол. 

Бигайдаров айтып өткендей, аталған саладағы жемқорлық елдің қорғанысына әсер етеді. 

Бұл салада пара алу мен бюджеттік қаржыны жымқыру тіркеліп отыр. Биылғы 7 айда, 2019 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда, қылмыстық істердің саны 11-ден 31-ге дейін үш есеге артты. Оның ішінде: 22-сі сотқа жіберілді, олар бойынша жергілікті органдардың 7 лауазымды тұлғасы сотталды, - деді ол. 

Ол ұсталғандар бойынша бірқатар мысал келтірді.

Мысалы, өткен аптада ғана Алматы қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жемқорлық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен әскери өкілдіктер орталығының әуе қорғанысы күштері бағытының бастығы, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің кадрлар департаменті бастығының бұрынғы орынбасары және радиоэлектроника және байланыс әскери – инженерлік институты курсанттарының взвод командирі әшкереленді. Олар жүйелі түрде делдал – офицерлер арқылы әскери қызметшілерді басқа өңірлерден Алматы қаласының әскери бөлімдеріне ауыстыру бойынша «кадрлық бизнес» ұйымдастырды деп күдіктелуде. Алынған заңсыз ақшалай сыйақы сомасы бір әскери қызметшіні ауыстырғаны үшін 800 мыңнан 1,1 млн теңгеге дейін өзгеріп отырған, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы